12 жел, 2025 сағат 16:40

2026 жылы алтын бағасы қандай болады? – сарапшы болжамы


Фото: pixabay.com


Әлемдік экономика құбылған сайын инвесторлар үшін «қауіпсіз айлақ» саналатын алтынға сұраныс азаймай тұр. 2026 жылға қарай бұл металлдың бағасы қалай өзгереді? Осы орайда Ult.kz тілшісі бұл сұрақты экономист, қаржы сарапшысы Марат Абдрахмановқа қойып көрді.


Жаһандық факторлар: алтынды жоғары ұстап тұрған не?


Сарапшының айтуынша, алдағы жылы алтын бағасына бірінші кезекте әлемдік сұраныс пен геосаяси тұрақсыздық әсер етпек. Соңғы жылдары әлемдік нарықта белгісіздік артқан сайын алтынға деген қызығушылық та күшейе түсті.


«Басты фактор – жаһандық сұраныстың жоғары болуы. АҚШ-тағы бюджет тапшылығы, әлемдегі экономикалық құбылмалық, бәрі алтынға деген қызығушылықты арттырып отыр», – дейді экономист Марат Абдрахманов.



Экономистердің көпшілігі АҚШ-тағы қарыз лимиті мен бюджет тапшылығы сынды проблемалар алтын бағасын шегере түсетінін айтып келеді. Өйткені инвесторлар тәуекел күрт өскен жағдайда дәл осы металға бет бұрады.


Инфляция және ұзақ мерзімді инвестиция


Жаһандық инфляция да алтын нарығына тікелей ықпал етеді. Инфляция жоғарылаған сайын доллардың сатып алу қабілеті төмендейді, сол себепті инвесторлар активтерін сақтап қалу үшін алтынға ауыстырғанды жөн көреді. 2026 жылы алтынды ұзақ мерзімге ұстау тиімді ме деген сұраққа сарапшы:


«Иә, ұзақ мерзімде алтын – тұрақты актив. Келесі жылы оның өзінің қорғаныс ретіндегі рөлі сақталады», – деп жауап береді.



Экономистің айтуынша, 2026 жылы алтын бағасы бір унция үшін шамамен 5000 доллар деңгейін сынап көруі мүмкін. Бұл – өте батыл болжам. Дегенмен сарапшының пікірінше, мұндай көрсеткішке жетуге бірнеше фактор әсер етеді:


геосаяси шиеленістің күшеюі;
әлемдік экономикадағы бәсеңдеу;
АҚШ Федералды резерв жүйесінің пайыздық мөлшерлемені ұзақ уақыт жоғары ұстауы;
дамушы елдердің алтын қорын арттыруы.



Қазақстан резерві және ұлттық валюта


Қазақстанның да алтын-валюта резервіндегі өзгерістер халықтың қызығушылығын тудыруда. Бұл резервтің артуы – экономиканың тұрақты екенін білдіреді, ал азаюы ұлттық валютаға қосымша қысым түсіруі мүмкін.


«Қазіргі кезде Қазақстанның алтын қоры салыстырмалы түрде тұрақты. Оның көлеміндегі өзгерістер теңгенің ұзақ мерзімді бағамына әсер етуі мүмкін, бірақ қысқа мерзімді өзгерістерге тікелей байланыс жоқ», – дейді сарапшы Марат Абдрахманов.



2026 жылы алтынға инвестиция жасаудың тәуекелі қандай? Сарапшы мұнда екі түрлі факторды атап өтті:


1. Сыртқы факторлар: геосаяси ахуал, әлемдік нарықтағы құбылыс, доллардың күшеюі.

2. Ішкі факторлар: Қазақстан бюджетінің тұрақтылығы, қаржы нарығының жағдайы.


«Белгісіздік кезеңінде алтын қауіпсіз актив ретінде маңызды рөл атқарады. Бірақ әр инвестор тәуекелін өлшеп әрекет еткені жөн», – дейді экономист Марат Абдрахманов.



Алтынға қызығушылық арта ма?


Сарапшының пікірінше, халық арасында алтынға деген сұраныс 2026 жылы да өсе береді. Өйткені экономикалық тұрақсыздық күшейген сайын алтынға деген сенім де жоғарылайды.


«Әлемдік нарық құбылса, алтынға қызығушылық күшейеді. Бұл – табиғи үрдіс», – дейді сарапшы.



2026 жыл алтын нарығы үшін турбулентті кезең болмақ. Сарапшылардың болжамы бойынша, алтын бағасы жоғары деңгейін сақтай отырып, кей тұста жаңа тарихи шектерді бағындыруы да мүмкін. Қазақстандық инвесторлар үшін де бұл актив әлі де «қауіпсіз айлақ» рөлін атқарып тұр. Экономист айтқандай, алтын қысқа мерзімде құбылмалы болғанымен, ұзақ мерзімде өз құнын жоғалтпайтын актив. Осы тұрғыдан алғанда, 2026 жыл алтынға қызығушылықтың артуымен есте қалатын кезең болуы ықтимал.


Ақбота Мұсабекқызы