29 жел, 2025 сағат 11:25

2026 жылдан бастап зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақылар 10%-ға өседі

Фото: Gov.kz

«2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңға сәйкес, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақылардың барлық түрі, базалық және ынтымақты зейнетақылар 10%-ға арттырылады. Өсім мөлшері ҚР Ұлттық Банкі айқындайтын инфляцияның болжамды деңгейіне сай жүзеге асырылады, деп хабарлайды Ult.kz.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде базалық зейнетақының ең төменгі мөлшерін ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ына, ал ең жоғарысын 120%-ына дейін кезең-кезеңімен арттыру көзделген.

Осыған байланысты 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 35 596 теңгені, ал ең жоғары мөлшері 60 005 теңгені құрайды. Бұл ең төменгі күнкөріс деңгейінің 118%-ына тең.

Мысалы, 2019 жылы зейнетке шыққан, бүгінде 70 жастағы зейнеткердің 2025 жылғы жалпы зейнетақысы 171 588 теңге болса, 2026 жылғы индексацияны ескере отырып, оның зейнетақысы 192 816 теңгеге дейін ұлғаяды. Оның ішінде базалық зейнетақы – 60 005 теңге, ынтымақты зейнетақы – 132 811 теңге. Бұл сомаға БЖЗҚ-дан төленетін төлемдер кірмейді.

Сондай-ақ 2026 жылдан бастап мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері де өседі. Атап айтқанда:

  • 1, 2, 3 бала туған кезде берілетін жәрдемақы 149 416 теңгеден 164 350 теңгеге дейін,

  • 4 және одан да көп бала туған кезде 247 716 теңгеден 272 475 теңгеге дейін артады;

  • 4 баласы бар көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы 63 030 теңгеден 69 330 теңгеге дейін,

  • 10 баласы бар отбасыларға 157 280 теңгеден 173 000 теңгеге дейін өседі;

  • I топтағы мүгедектігі бар адамдарға берілетін жәрдемақы 101 702 теңгеден 111 872 теңгеге дейін,

  • II топтағыларға 81 362 теңгеден 89 498 теңгеге дейін,

  • III топтағыларға 55 474 теңгеден 61 021 теңгеге дейін ұлғаяды.

Бұдан бөлек, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін асыраушысынан айырылу және еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша төлемдер де 10%-ға артады. Бұл төлемдер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға қосымша ретінде төленеді.

Төлемдердің нақты мөлшері соңғы екі жылдағы орташа айлық табысқа, әлеуметтік аударымдар көлеміне, еңбекке қабілеттілігінен айырылу деңгейіне, асырауындағы адамдар санына және жүйеге қатысу өтіліне байланысты жеке есептеледі.