30 сәу, 2025 сағат 16:11

2025 жылы Enbek.kz-те 1 млн астам бос жұмыс орны жарияланады

Фото: Pexels.com

Еңбек ресурстарын дамыту орталығы (ЕРДО) 2025 жылға арналған қысқа мерзімді болжамын жариялады, деп хабарлайды Ult.kz.

Сарапшылардың мәліметінше, Enbek.kz электрондық еңбек биржасында 1,09–1,25 млн бос жұмыс орны пайда болады. Оның ішінде 243–350 мыңы жұмысшы мамандықтарға тиесілі.

Бос орындардың 40%-ы білім беру және денсаулық сақтау салаларына, 8%-ы өңдеу өнеркәсібіне, ауыл шаруашылығы мен саудаға, 7%-ы құрылысқа тиесілі. Аймақтар арасында Алматы (10%), Астана (9%) және Қарағанды (8%) алда.

Ең сұранысқа ие мамандықтар қатарында орта мектеп мұғалімдері, тәрбиешілер, мейірбикелер, аспаздар мен құрылысшы-монтажшылар бар. Павлодар облысы жұмысшы мамандықтарға сұраныс бойынша көш бастап тұр.

2025 жылы жұмысшылар үшін 243–350 мың, ал білікті мамандар үшін 707–999 мың бос жұмыс орны болжанып отыр.