Бүгін ҚР Үкіметінің алаңында өткен баспасөз конференциясында білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов білім беру ұйымдарындағы білім беру бағдарламаларын жаңарту кезеңдері туралы айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
ҚР білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған жаңа мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында кәсіптік стандарттар негізінде білім беру бағдарламаларын 100% жаңарту міндеті тұр.
«Бізге колледждер мен ЖОО-лардағы білім беру бағдарламаларын жаңарту қажет. Бұл өте маңызды. Білім сапасы дегеніміз – өнімнің қандай да бір стандартқа сай болуы. Бұл жағдайда білім беру бағдарламаларына жұмыс берушілер қалыптастыратын кәсіби стандарттар қажет», — деді ҚР білім және ғылым министрі.
Сонымен, қазіргі уақытта Үкімет кәсіби стандарттарды дайындау бойынша ауқымды жұмыстар жүргізуде.
«Бұл жағдайда жұмыс берушілердің өздері жоғары оқу орындарының түлектерінен қандай-да бір мамандық бойынша қандай біліктіліктерге ие болғандарын күтетінін айтады және қалыптастырады. Қазіргі уақытта көптеген кәсіби стандарттар дайындалды, ал біздің міндетіміз – оларды талдау және білім беру бағдарламаларына көшіру», — деді А. Аймағамбетов.
Министрдің айтуынша, бүгінде 100 кәсіби стандарт дайын. Жыл соңына дейін 400-ге жуық кәсіби стандарттар дайындалуы тиіс. Енді колледждер мен ЖОО-лардың барлық бағдарламалары жұмыс берушілердің талаптарын қанағаттандыруы керек.
«Мәселен, егер жұмыс беруші АT маманы үшін қазіргі таңда қандай бағдарламалау тілдері ең қажеттісі деп айтса, онда біз осы бағдарламалау тілдерін біздің оқу орындарымызға енгізуіміз керек. Осы тұрғыдан бізді кәсіби стандарттар қызықтырады. Таяу уақытта бұл бағдарламалар жаңартылады деп жоспарлап отырмыз», — деді министр.
Айта кету керек, «Жас маман» жобасы аясында 180 колледждің материалдық-техникалық базасы жаңартылады, оған бюджеттен 58 млрд теңге қарастырылған. Тегін кәсіптік-техникалық білім беру бағдарламасы жыл сайын 100 мың студентті қамтиды. Ал қосарлы білім берумен қамтылған студенттердің саны 35%-ға жетеді. Колледж түлектерінің жұмыспен қамтылу деңгейі 63%-дан 75%-ға дейін артады.
Сонымен қатар, білім және ғылым министрі балаларды үйден оқытудың шарттары туралы айтты.
«Әрекет етіп тұрған заңнама аясында бізде денсаулығы туралы тиісті көрсеткіштері бар балаларға үйде білім беру мүмкіндігі қарастырылған. Ол үшін жағдайлар жасалады: мұғалім келеді, жеке бағдарлама жасалады. Жалпы, біз балалардың маманданғанын, құрдастарымен бірге білім алып, қоғамдағы өмірлік маңызды дағдыларға ие болғанын қалаймыз, мектепте білім алу өте қажет және өмірлік маңызды деп санаймыз, сондықтан баланың мектепте бақытты болуына жағдай жасаймыз», — деді ведомство басшысы.
Айта кету керек, жаңа мемлекеттік бағдарлама аясында мектептерде балалардың ата-аналарымен және мұғалімдерімен қарым-қатынасы мәселелері қамтылған білім мәдениеті күшейтіледі.
Атап айтқанда, министр баланың психикалық денсаулығын сақтау мақсатында мектептерде ата-аналар мен балалардың өздерін қатыстыра отырып, кешенді жұмыстар жүргізілетінін атап өтті. Ата-аналар баланың психологиялық жағдайында және оның қоғамды қабылдауында маңызды рөл атқарады.
Бұл жұмысты күшейту үшін қазақстандық білім беру ұйымдарында мектеп психологтарына біліктілік жоғарылатылады, әлеуметтік-психологиялық қызмет күшейтіледі.