03 шіл, 2024 сағат 16:18

2025 жыл Қазақстандағы "Қытай туризмінің жылы" болады


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай халық республикасының төрағасы Си Цзиньпин келіссөздерден кейінгі баспасөзге арналған мәлімдеме барысында келесі жылы елімізде "Қытай туризмі жылын" өткізу туралы шешім қабылдады. 

Ақордада сөз алған Си Цзиньпин екі елде Қазақстан мен Қытайдың мәдени орталықтары, Бейжің тіл және мәдениет университетінің филиалы ашылғанын атап өтті

Оның айтуынша, бұл қазақ пен қытай халықтарының жақындасуына ықпал етуге тиіс. Қазақстанда екінші Лу Бань шеберханасын ашу, сондай-ақ келесі жылы Қазақстанда Қытай туризмі жылын өткізу туралы шешім қабылданды деді Си Цзиньпин.

Бұдан бөлек Си Цзиньпин елдер кино және медиа саласындағы ынтымақтастықты кеңейту қажет екенін айтты.

Ал Қазақстан басшысының айтуынша, мәдени-гуманитарлық байланысты және туризм саласындағы ықпалдастықты күшейтуге баса назар аударылған. 

"Келіссөздер барысында мәдени-гуманитарлық байланысты және туризм саласындағы ықпалдастықты күшейтуге баса назар аударылды. Осы сапар аясында Бейжіңде Қазақстанның және Астанада Қытайдың Мәдени орталықтары ашылды. Мұны екіжақты байланысты бекемдеу үшін жасалған өте маңызды қадам деп айтуға болады. Бұл бастамалар халықтарымызды мәдени тұрғыдан жақындатып, өзара достық пен тату көршілік қатынастарды нығайтуға ықпал етеді деп сенемін. Мұнан бөлек, екі ел аумағында тұрақты түрде мәдени іс-шаралар өткізуге уағдаластық", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 


Еске салайық, 3-4 шілдеде Астанада Қазақстанның төрағалығымен Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті өтетіні айтылды. 10 мыңға жуық шетелдік делегат келеді деп болжанып отыр. Ал бір күн бұрын Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен ҚХР төрағасы Си Цзиньпин мемлекеттік сапармен Астанаға келді. Жоғары мәртебелі мейманды әуежайдан Қазақстан басшысының өзі қарсы алды.