Фото: ашық дереккөз
2025 жыл Мемлекет басшысының бастамасымен «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланған болатын. Осыған орай, елімізде еңбек нарығында сұранысқа ие инженерлік және техникалық салаларда мамандар даярлауға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл туралы Үкімет кулуарында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.
Министрдің айтуынша, биыл мектепті 216 мың түлек аяқтаған. Жоғары білімге түсетін жастар саны жыл сайын артып келеді. Осы жылы бакалавриатқа 78 мың, ал магистратура мен докторантураға 93 мыңнан астам грант бөлінген.
«Биыл бөлінген гранттардың 60%-дан астамы инженерлік және техникалық мамандықтарға берілді. Атап айтқанда, инженерлік бағытта – 18 мыңнан астам, педагогикаға – 13 мың, IT және жасанды интеллект саласына – 11 мың грант бөлінді», – деді Саясат Нұрбек.
Сондай-ақ, өңірлік сұранысты ескере отырып, ветеринария, энергетика, су шаруашылығы, ирригация және гидротехнологиялар сияқты сирек кездесетін мамандықтарға аймақтық квоталар енгізілген.
Бұған қоса, биыл алғаш рет әскери борышын өтеген азаматтар үшін 2 мың грант бөлініп отыр. Сонымен қатар, ата-анасынан айырылған жетім балалар мен әлеуметтік осал топтардан шыққан түлектер үшін де арнайы квоталар қарастырылған.
Министр тағы бір жағымды жаңалықпен бөлісті:
«“Серпін” бағдарламасы бойынша биыл рекордтық көрсеткішке жеттік – 83% грант игерілді. Бұрын бұл көрсеткіш 40-50% аралығында болса, былтыр 67%-ға жеткен еді. Енді талапкерлер еліміздің 9 өңірінде білім алады», – деді Саясат Нұрбек.
