«Беташар» дәстүрінің ЮНЕСКО тізіміне енгізілуі
фото: neke.kz
Жылдың басты жаңалықтарының бірі – қазақтың дәстүрлі «Беташар» рәсімінің ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізілуі болды. Бұл шешім ұлттық салт-дәстүріміздің жаһандық деңгейде танылуына ықпал етіп, қазақ мәдениетінің бай әрі терең тарихын әлемге паш етті.
XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі
фото: gov.kz
Алматыда ХVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі өтті. Фестиваль аясында халықаралық байқау және Орталық Азия мен түркі әлемі елдерінің фильмдері бойынша байқау ұйымдастырылды. Іс-шараға Әзербайжан, Қытай, Қырғызстан, Марокко, Ресей, Тәжікстан, Татарстан, Түркия, Өзбекстан, Филиппин және Франция сынды елдерден 50-ге жуық фильм ұсынылды, бұл кино өнерінің сан түрлі қырын айшықтай түсті.
Бұл кинофестивальда еліміздің режиссері Аруан Анартай «Жоқтау» фильмі үшін «Үздік режиссер» атанды.
Бұл фестиваль отандық киноөнердің жаңа белестерге шығуына жол ашып, халықаралық әріптестіктерді нығайтты.
Димаш Құдайбергеннің халықаралық жетістіктері
фото: Instagram/kudaibergenov.dimash
Әлемге танымал қазақстандық әнші Димаш Құдайберген биыл тағы бір ірі жетістікке қол жеткізіп, «Жылдың үздік халықаралық әртісі» атағына ие болды. Оның әлемдік сахналарда қазақтың өнерін паш етіп жүргені – еліміздің мәдени абыройын асқақтататын маңызды оқиғалардың бірі. Одан бөлек әнші «Халықтың сүйіктісі» ұлттық сыйлығының үш мәрте лауреаты атанғаны үшін арнайы сақинамен марапатталды.
Сондай-ақ, осы жылы әнші үшін біршама табысты болды. Францияның Planète Paix журналы 2024 жылдың 23-ші қыркүйегіндегі санында қазақстандық әнші туралы мақала жариялады. «Димаш Құдайберген: әлем жұлдызы және бейбітшілік елшісі» атты мақаланың авторы Димаш Құдайбергенді Қазақстан атынан халқаралық деңгейде өнер көрсететін жетекші артист деп атаған.
Шәкен Аймановтың 110 жылдығы және «Қазақфильмнің» 90 жылдығы
Қазақ киносының атасы Шәкен Аймановтың 110 жылдық мерейтойы еліміздің түкпір-түкпірінде кең көлемде атап өтілді. Сонымен қатар, «Қазақфильм» киностудиясының 90 жылдығы да ұлттық кинематограф тарихындағы айтулы оқиғалардың бірі болды. Бұл шаралар қазақ киносының өткені мен бүгінін сараптап, жаңа таланттарды қолдауға мүмкіндік берді.
«Муфаса. Арыстан патша» және «Моана 2» қазақ тілінде
Disney студиясының «Муфаса. Арыстан патша» және «Моана 2» анимациялық фильмдері қазақ тіліне дубляждалып, көрерменге жол тартты. Бұл қазақ тіліндегі сапалы контенттің көбеюіне үлес қосып, жас ұрпақты ана тіліне жақындату бағытында маңызды қадам болды.
«Руханият жылы» және мәдени мұраларды қорғау
Қызылорда облысында 2024 жыл «Руханият жылы» деп жарияланып, өңірде мәдени шаралар кең көлемде ұйымдастырылды. Сонымен қатар, Қазақстанда тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылды. Мәдени мұралар жаңғыртылып, реставрациялық жұмыстар жүргізілді.
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары
Астанада өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қазақтың ұлттық спорт түрлерін халықаралық деңгейде насихаттады. 60-тан астам елден келген спортшылар бақ сынаған бұл ойындар ұлттық рухты оятып, қазақ мәдениетін әлемге тағы бір мәрте танытты.
фото:gov.kz
Айтулы оқиғалардың бірі – 17 мыңнан астам көрермен жинаған V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу және жабылу салтанаты болды. Ойындардың жабылу рәсімінде әйгілі қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің керемет концерті ұйымдастырылды.
Қазақ мәдениеті шетелде
Қазақстанның мәдениет күндері Түрікменстанда жоғары деңгейде өтілді. Ашхабад қаласында өткен бұл шара аясында қазақстандық өнерпаздар ұлттық өнерімізді дәріптесе, қазақстандық кинолар көрерменге ұсынылды.
Одан бөлек, биыл қазақ өнері алғаш рет әлемге әйгілі өнер алаңдарында: Венеция биенналесі мен Гиме – Азия өнер музейінде ұсынылды. Бұл көрмелерді шамамен екі жүз мың адам тамашалады.
фото:gov kz
Сондай-ақ, Тяньцзинь музейіндегі «Алтын адам және Ұлы дала» көрмесі де маңызды оқиғалардың бірі болды. Көрме ашылған сәттен бастап 400 мың адам тамашалады.
фото:gov.kz
Маңызды мерейтойлар
Биыл Қазақстанда еліміздің ұлы тұлғалары мен тарихи даталарына арналған ауқымды мерейтойлық іс-шаралар өтті. Мұндай мерейтойлар жыл соңына дейін жалғасады. Бұл іс-шаралар тек ұлы қайраткерлердің есімін ұлықтаумен шектелмей, сонымен қатар, елдің мәдени мұрасын дамытуға үлес қосуда.
Ұлы тұлғалардың мерейтойлары: Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық оркестрінің 90 жылдығы, Сыдық Мұхамеджановтың 100 жылдығы, Бибігүл Төлегенованың 95 жылдығы, Сәкен Сейфуллиннің 130 жылдығы, Бейімбет Майлиннің 130 жылдығы, Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығы, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 100 жылдығы, Герольд Бельгердің 90 жылдығы, Әбіш Кекілбаевтың 85 жылдығы, Фариза Оңғарсынованың 85 жылдығы атап өтілді.2024 жыл Қазақстанның мәдениеті мен руханияты үшін жаңалықтарға толы, жемісті жыл болды. Отандық өнерпаздар халықаралық аренада үлкен жетістіктерге жетіп, ұлттық мәдениетіміз бен салт-дәстүріміздің мәртебесін көтерді. Бұл жыл қазақ мәдениетінің өркендеп, жаһандық деңгейде мойындалуына ықпал еткен маңызды кезең ретінде есте қалады.
Бекболат МҰХТАР