2022 жылға дейін әлеуметтік арақашықтықты сақтау талап етілуі мүмкін. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Қазір әлемнің кейбір елінде және Қазақстанда да коронавирус инфекцияның екінші толқыны жүріп жатыр. Елімізде екінші толқын мамыр айының соңында карантин талаптарын жеңілдеткеннен кейін басталды. Өкінішке қарай, COVID-19 жұқтырғандар саны бірден артты», - деп жазды министр әлеуметтік желідегі парақшасында.
Оның сөзіне қарағанда, жақында Гарвард қоғамдық денсаулық сақтау мектебі профессорының зерттеу материалы жарияланды. Онда автор бета-коронавирус маусымы, иммунитет және қарсы иммунитет туралы мәліметтерді пайдаланып, SARS-CoV-2 коронавирусының таралуын есептеген.
«Күзгі-қысқы кезеңде SARS-CoV-2 қайталанады деп болжаған және толқынды болдырмау үшін 2022 жылға дейін орташа әлеуметтік арақашықтықты сақтау талап етілуі мүмкін – осы уақытқа дейін ұжымдық иммунитет қалыптасады немесе вакцина әзірлеп, оны пайдалануымыз керек. Қазір SARS-CoV-2-ге иммунитеттің дәрежесі мен ұзақтығы белгісіз, сондықтан бірнеше сценарий есепке алынған. Материал мәліметтері бойынша қысқа мерзімді иммунитет (40 апта) жасалуы мүмкін, онда індет жыл сайын қайталанады. Егер мерзімді иммунитет пайда болса (104 апта) - екі жылда бір рет шығады. Ал өмір бойғы иммунитет – вирустың элиминациясы болса, 2024 жылы қайта өршуі мүмкін.Бұл жаңа инфекция. Бүкіл әлем оны зерттейді, болжам жасайды, індетпен күресу жолдарын қарастырады», - деді ведомство басшысы.
Оның пайымынша, қазір инфекцияның таралуын шектеуге бағытталған шаралар мен карантинді жеңілдетілдетудің қауіпсіз қадамдары арасындағы ортақ теңгерімді тауып, оны уақытша өмір салтына енгізу қажет.
«Коронавирус бізді әлі тағы да әбігерге салары анық. Сондықтан, бұл шараларға мән беріп, мұқият қарауға мәжбүрміз», - деді Елжан Біртанов.
Бұдан бұрын хабарланғандай, министр «жеке карантинге» қатысты пікір білдірген болатын.