ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов сауда саласындағы инвестициялар туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жыл басынан инвестициялық белсенділіктің айтарлықтай жанданғанын байқадық. Биылғы 5 айда саудадағы инвестиция 142 млрд теңгені құрап, 2020 жылғы тиісті кезеңнен 20,1 пайызға артық болды», - деді Б. Сұлтанов онлайн режимде халық алдында есеп беруі кезінде.
Осы орайда ол халықты жұмыспен қамтуда сауда саласы маңызды орында екенін жеткізді. Саладағы белсенділіктің жандануы жұмысшылар санының өсіміне мүмкіндік берді.
«2020 жылғы қаңтар-наурыз кезеңімен салыстырғанда, тек бірінші тоқсанда жұмыспен қамтылғандар саны 20,8 мыңға артты. Қазір сауда саласында 1,5 млн адам қызмет етіп жатыр, бұл өз кезегінде елде жұмыс істейтіндердің 16,6 пайызы», - деді министр.