17 қаң, 2020 сағат 10:57

2021 жылы елордада сот сараптамасы ғимараты пайдалануға беріледі

Әділет министрлігі өңірлерде сот сараптамасы ғимаратын салу бағытындағы жұмыстарды жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінде министрлік үшін жоғары стандарттар мен талаптарға сай келетін қызметтік ғимаратпен сот сараптамасы органдарын қамтамасыз ету негізгі мәселе болып отыр. Осы орайда бұл тақырып ведомство үшін басымдықты сипатқа ие. Оны шешу үшін өңірлер әкімдіктерімен тиісті жұмыстар атқарылды», - деп атап өтті Әділет вице-министрі Алмат Мадалиев ведомствоның кеңейтілген алқа мәжілісінде.

Оның сөзіне қарағанда, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстары институттарына әкімдіктер қажетті ғимаратты бөлді. Ал Ақтөбе облысында институт ғимаратын салу үшін жергілікті бюджет есебінен жобалық-сметалық құжатнама әзірленіп, 1,5 гектар жер телімі қарастырылды.

«Нұр-Сұлтан қаласында ғимараттың құрылысына жер учаскесі бөлініп, республикалық бюджеттен қажетті қаражат ескерілді. Шымкент қаласында да осындай қадамдар арқылы ғимарат салу жоспарланып отыр», - деді А. Мадалиев.

Тілшілер сауалына жауап беру барысында Әділет министрі Марат Бекетаев республикалық бюджет есебінен елордадағы ғимарт құрылысын 2020 жылы бастау көзделгенін айтты.

«Әр облыста халық саны әртүрлі екені белгілі, сондықтан қажеттілік көлемі де өзгеше болады. Нұр-Сұлтан қаласы үшін құрылысқа 1,5 млрд теңгеге жуық қаржы қарастырылған. Жобалық-сметалық құжатнама заманауи стандарттар бойынша әзірленген. Онда тек мәйітхана ғана емес, сонымен қатар сот сараптамасының өзге де қызметтері қамтылады. Атап айтқанда, барлық сот сарапшыларын бір нысанда орналастырған дұрыс болады, бұл өз кезегінде құқық қорғау органдарына да қолайлы», - деді Марат Бекетаев.

Белгілі болғандай, елордадағы ғимараттың құрылысын 2021 жылы аяқтау жоспарланып отыр.

«Бұл ғимарат күрделі нысандардың қатарына жатады. Мәселен, онда тирге арнайы орын бөлу ескерілген. Баллистикалық сараптамалар үшін қаруды тексеру керек болады. Сәйкесінше, барлық стандарттарға сай келетін тир жасақталуы тиіс», - деді министр.