15 сәу, 2021 сағат 15:20

2021 жылдың қорытындысы бойынша еліміздегі жұмыссыздыққа болжам жасалды

2021 жылдың қорытындысында еліміздегі жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайыз болуы мүмкін. Бұл туралы «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ президенті Дәулет Арғындықов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өткен жылдың қорытындысы жұмыссыздық деңгейінің 4,9 пайыз болғандығын көрсетіп отыр. Пандемияға, әдістемеге байланысты мәселелердің туындағанын, көп адам уақытша жұмыссыз қалғанын түсінеміз. Қазір Құдайға шүкір, жағдай тұрақталып келе жатыр. Осы жылы жүзеге асырылуы көзделген жоспарлар да жұмыссыздық деңгейін 4,9 пайыз мөлшерінде ұстап тұруға мүмкіндік береді. Бұл Жұмыспен қамту жол картасымен, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын және осы жылы да қарастырылып отырған өзге де салалық бағдарламаларды жүзеге асырумен байланысты», - деді Дәулет Арғындықов Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихаты барысында. 

Айта кетейік, еліміздегі жұмыс күшінің саны 9,2 млн адамды құрайды. Оның ішінде жалдамалы жұмыста 6,7 млн адам еңбек етеді. Өзін өзі жұмыспен қамтығандар саны - 2 млн адам. Ал жұмыссыздар саны - 449 мың адам.