26 жел, 2019 сағат 18:16

2020 жылы үш қалада оңалту орталықтарының құрылысы басталады

Қазақстанда 690 мың мүгедектігі бар адам тұрады. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алаңында өткен жиында айтылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Баспасөз қызметінің жазуынша, шараға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев, ҚР Президентінің көмекшісі – ҚР Президенті Әкімшілігінің өтініштерін қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов, Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Денсаулық сақтау, Білім және ғылым, Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрлері, Мүгедектердің қоғамдық бірлестіктерінің басшылары, сондай-ақ Қазақстанның барлық өңірлерінен селекторлық режімде мүгедектігі бар адамдар қатысты.

Б. Сапарбаев Қазақстанда 690 мың мүгедектігі бар адамдар тұратынын және мемлекет деңгейінде олардың өзекті мәселелерін шешуге көп көңіл бөлінетінін атап өтті.

«Қазақстанда мүгедектігі бар адамдарды қолдау мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді. Ағымдағы жылы жәрдемақы төлеуге және мүгедектігі бар адамдарды арнайы әлеуметтік қызметтермен және техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз етуге 400 млрд теңге көзделді. Алдағы уақытта оларды әлеуметтік қолдауға 448 млрд теңге бөлінеді. Сонымен қатар, 2020 жылы Нұр-Сұлтан, Алматы және Көкшетау қалаларында оңалту орталықтарының құрылысы басталады. Бүгін біз мүгедектігі бар адамдардың әлеуметтік оңалту тиімділігін арттыруға, кедергісіз ортаны қамтамасыз етуге, мүгедектіктің профилактикасы мен алдын алуға, білімге қолжетімділікке байланысты мәселелерді талқылау үшін жиналып отырмыз», – деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары.

Жиында сөз алған ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов мүгедектерді әлеуметтік қолдаудың жаңа қадамдарын түсіндірді.

«Жеке көмекшілердің қызметтерін ұсынатын ҮЕҰ-ға көптеген шағымдар келіп түседі. Атап айтқанда, олардың қызметінің ашық еместігі, әкімшілік шығындарға қаражаттың 10%-ын ұстап қалады, қызметтерге уақтылы төлемеу, жұмыс істеген уақыт санын дұрыс бағаламау және басқа да мәселелер. Мүгедектігі бар адамдардың наразылығын жеке көмекшілер үшін әлеуметтік пакеттің жоқтығы, көрсетілетін қызметтерді бақылаудың тиімді тетігінің жоқтығы, болу орны мен уақыты туралы есеп беру қажеттілігі, сондай-ақ жеке көмекшілердің қызметтері шектеулі болуы мәселесі тудырды», – деді ол.

Әукеновтің айтуынша, мүгедектермен белгіленген мәселелерді шешу үшін 2015 жылғы 22 қаңтардағы қолданыстағы бұйрыққа жеке көмекшілердің қызмет көрсетуін реттейтін, жеке көмекшілердің қызмет көрсетулері бойынша ең көп сағат көлемін айына 176 сағаттан асырмай белгілеу; ҮЕҰ-ны әкімшілік шығындарға 5% - дан асырмай ұстап қалуды қарастыратын нормаларды енгізу; қызмет көрсетудің бірыңғай стандарттарын және жеке көмекшілерге қойылатын талаптарды анықтау бөлігінде өзгерістер енгізілетін болады.

Бұл ретте, мүгедектігі бар адамдардың ескертулерін ескере отырып, бұйрық жобасынан жақын туыстарына жеке көмекшілер қызметін көрсетуге тыйым салатын норма алынып тасталды.

Вице-министр 2020 жылғы шілдеден бастап жеке көмекшілердің қызметтері әлеуметтік қызметтер порталына ауыстырылатынын, содан кейін шартты мүгедектігі бар адамның өзі жеке көмекшісімен немесе ҮЕҰ-мен жасайтынын хабарлады. Қызметті порталға ауыстыру Бас прокуратура мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі анықтаған осы саладағы бұзушылықтарды азайтуға мүмкіндік береді.

«Бұдан басқа, көптеген өтініштер медициналық-әлеуметтік сараптамадан өтуге және мүгедектікті белгілеуге байланысты. Мүгедектігі бар адамдар қолайсыз оңалту болжамы бар аурулар бойынша қайта куәландырудан жиі өту қажеттігіне байланысты қолайсыздықтарды бірнеше рет атап өтті», – деп атап өтті Әукенов.

Осы мәселені шешу үшін Еңбекмині Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларын әзірледі. Атап айтқанда, ересектерге мүгедектік 5 жылға белгіленетін, организм функцияларының айқын бұзылуымен 19 аурудың тізбесі бекітілді.

Сонымен бірге, 18 жастан асқан адамдарға мүгедектік тобы қайта куәландыру мерзімінсіз екінші топ мүгедектігі белгіленетін емдеуге келмейтін анатомиялық кемістіктер тізбесі кеңейтілді. Сондай-ақ 16 жасқа дейінгі бала мүгедек деп танылатын медициналық көрсетілімдер тізбесі кеңейтілді.