29 қаң, 2021 сағат 08:56

2020 жылы түрлі дәрежедегі 210 басшы қылмыстық жауапкершілікке тартылды

2020 жылы түрлі дәрежедегі 210 басшы қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

«Біз жазаның бұлтартпастығын толығымен қамтамасыз етеміз. Есептік кезеңде 25 аса ауыр және 1 368 ауыр қылмыстың, сондай-ақ жүйелі сыбайлас жемқорлықтың 112 фактісінің жолы кесілді. Сотта ұйымдасқан қылмыстық топ құру фактілері бойынша 4 іс қаралуда. Түрлі дәрежедегі 210 басшы қылмыстық жауапкершілікке тартылды. 722 адам сотталды, оның ішінде бір облыс әкімі, 4 облыс әкімінің орынбасары, 2 жауапты хатшы, 2 комитет төрағасы, 1 елші, 5 судья, 10 аудан әкімі және олардың орынбасарлары. 5 вице-министр мен 5 комитет төрағасы мен олардың орынбасарларына, сонымен қоса квазимемлекеттік сектордың 5 топ-менеджеріне қатысты қылмыстық істер тергелуде», - деді Алик Шпекбаев агенттіктің алқа отырысында. 

Оның айтуынша, «Астана LRT» құрылысы кезінде бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша бірқатар лауазымды тұлға мен мердігер ұйымдардың басшыларына қатысты іс сотқа жолданды. 

«СҚ-Фармация» басқармасының бұрынғы төрағасына қатысты тергеу аяқталды. БТА банктің ісі бойынша 12 млрд теңгеден астам залал өтелді. Тағы 6,4 млрд теңге «Азық-түлік корпорациясы» АҚ басқармасының бұрынғы төрағасына қатысты қылмыстық іс аясында өтелді», - деді агенттік басшысы.