21 қаң, 2021 сағат 15:53

2020 жылы Қазақстанда 77 мың көлік шығарылды

2020 жылы Қазақстанда 77 431 автокөлік құрастырылды. Олардың арасында жеңіл және жүк көліктері, автобус техникасы мен арнайы машиналар да бар. Бұл туралы «ҚазАвтоӨнеркәсіп» автокөлік саласындағы кәсіпорындар одағы хабарлады.

Есепті кезеңде Қазақстанда шығарылған көліктердің жалпы құны 612,8 млрд теңгеге бағаланып отыр. Оның ішінде жеңіл автомобиль құрастыру 47 пайызға өсіп, 64 790-ға жетті. Автобус техникасын шығару (1 801 көлік) 66 пайызға жоғарылады. 

Сонымен қатар, жүк көліктерін құрастыру (8 240 көлік) 2 есеге өскен. 

Ал ел тұрғындары жергілікті өндірістен шыққан көліктерді сатып алуға 538,6 млрд теңге жұмсаған. Бұл көрсеткіш бір жыл бұрынғыдан 71,6 пайызға артық.

Есепті кезеңде Қазақстанда құрастырылған жеңіл көліктердің арасында сұранысқа ие брендтердің бестігіне Hyundai (17 927 көлік), Lada (16 680), Chevrolet (9 990), Ravon (5 945) және KIA (5 201) енді. 

Отандық кәсіпорындар ұсынатын маркалардың тізімінде JAC (2 066 көлік), UAZ (643) әрі Skoda (267) бар екенін атап өткен жөн.