Романовтар әулетінің тақтан тайдырылып, патша самодержавиясының құлағанына 100 жылдан астам уақыт өтcе, коммунистік партия үстемдік еткен Кеңес империясының ыдырап, егемен ел Қазақстан Республикасының құрылғанына 30 жылға таяпты. Солай бола тұра, біздің өңірде патшалық-кеңестік дәуірді көксеуші жерлестеріміздің бар екені рас және олардың мемлекеттік, ұлттық идеологиялармен үйлеспейтін өз көзқарасын, ұстанымын түрлі саяси, мәдени шаралар арқылы жүзеге асыруға бейім тұратыны да шындық. Ондай топтар тарапынан патшалық Ресейдің елімізге жасаған басқыншылық жорықтарын дәріптеу, жеріміздің біртұтастығына және тарихи-құқықтық негізділігіне күман келтіру, күнтізбемізге енгізілген, тіпті енгізілмеген кеңестік мерекелерді кеңес кезеңіндегідей құрметтеу немесе сағыныш сезімімен еске түсіру сияқты әрекеттері байқалып-ақ тұрады.
Әлгіндей жерлестеріміздің «Новое время» тәрізді тәуелсіз орыстілді газеттер арқылы жергілікті билікке ықпал етіп, өздерінің талап-тілектерін орындатуға әрекеттенгені әлі есімізде. Мәселен, 1990 жылы патшашыл-кеңесшіл топ Павлодар қаласының негізі 1720 жылы әскери бекініс ретінде салынғанына 270 жыл толуын салтанатпен тойлау мақсатын жүзеге асыруды көкседі. Тіпті Омбы қаласынан казактардың әскери киімдерін алдырып, орталық алаңда театрландырған көріністер қоюды ойластырды. Абырой болғанда, Керекудің зиялы қауымы өкілдері мен қоғам белсенділері бұларға: «Қазақ жерін патша әскерлерінің жаулап алып, бекініс салуын неліктен тойлауымыз керек?!» деген қарсы уәж айтып наразылық білдірді.
Бұл кезде кеңестік-партиялық органдарының әлеуеті жүріп тұрғанымен, жергілікті билік тарапынан әділ шешім шығарылып, тек «Қала күні» аталып өтілді. Сонда да патшашыл-кеңесшіл топтар осы әрекетін әрбір 5 жыл сайын қайталап тұрудан танбады. Бірақ әскери бекіністің 275, 280, 285, 290, 295 жылдығын тойлау жөніндегі ұсыныстары да қабылданған жоқ.
Тәуелсіз орыстілді басылымдар редакциясы бұған жауап ретінде «Павлодар облысының аумағы қазақтардың тарихи мекені емес, Кеңес үкіметі тұсында Қырғыз (Қазақ. А.Қ.) автономиялық республикасының құрамына қосылып кеткен ежелгі орыс жерлері» деген пайымдаулардан құралған мақалалар жариялап, қоғамдық пікір қалыптастыруды көздеді.
«Павлодар география үйі» қоғамдық бірлестігінің басшысы, журналист Александр Вервекин болса бұл мәселеге басқа қырынан келді. Патша әскерлерінің жорық жолдарын зерттеген ол 2016 жылы «Ертіс және оның бекіністері» атты деректі фильм түсірді. Сондай-ақ Ертістің Кереку өңірінде 1716 жылы Ямышев бекінісін тұрғызған жасақ басшысының «ерлігін» жұртшылыққа дәріптеу мақсатында Ресейдің Омбы қаласынан «Бухгольц жолдарымен» атты экспедицияны облыс аумағына шақырды...
«Достық үйі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде 2018 жылы өткізілген «Қарттар күні» шарасында аға буынның жас кезінде БЛКЖО мүшесі болғаны және бұл ұйымның құрылғанына 100 жыл толғаны мақтаныш сезімімен айтылып, «Комсомольцы, добровольцы» әні шырқалды!.. Сол жылы Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейінің ұжымы қолдарына қызыл жалаушалар ұстап тұрып челлендж өткізді!..
Ал жыл сайын 9 мамырдағы Жеңіс мерекесі күні Кеңес үкіметі кезеңіне қайта оралғандай күй кешесіз! Павлодар қаласы неміс фашист әскерлерінің шабуылынан ерлікпен қорғанған Мәскеу, Курск, Сталинград сияқты қаһарман қалалардың санатына жатпаса да, сондағыға ұқсатып парад, театрланған көріністер ұйымдастырылады және Ресей идеологтарының кейінгі жылдары ойлап тапқан жобасы «Мәңгілік полк» шеруі де өткізіледі.
Көңілге ең ауыр тиетіні, бұл шараларда соғыс культының дәріптелуі, ҚР Президентінің қаулысымен бекітілген қазақстандық көк түсті Жеңіс таспасын кеудесіне таққан шерушілер қатарының аздығы, керісінше алабажақ григорий ленталарын омырауына қадап, қызыл туды бастарынан асыра көтерушілер сапындағылардың көптігі! Бұл рәміздердің Украинаның Қырым, Донецск, Луганск өңірлерінде сепаратизмнің белгісіне айналғанын біле тұра, шарасыздықтан іштен тынуға мәжбүрміз.
Біздің ойымызша, өз еркімен ядролық қаруларды сынаудан бас тартып, атом полигонын жапқан бейбітшіл ел Қазақстанда Жеңіс күні мерекесі басқа форматта өткізілуі керек. Еуроазия мен Америкадағы мемлекеттер дәл сол мейрамды Ресейдегіден басқаша, өзіндік өрнекпен атап өтеді ғой.
Жүз миллиондаған жетімдер мен жесірлерге, жалғызілікті жандар мен мүгедектерге қайғы-қасірет тарттырған, 50-55 миллион адамның өмірін жалмаған ІІ дүниежүзілік соғыстағы Жеңіс күні мерекесін өркениетті елдердің халқы қоғамдық орындарда ысқырып би билеп, шаттана ән салып тойламаса керек. Алаңдарда я мәңгілік алау ескерткіштерінің түбінде соғыс құрбандарын бір минуттық үнсіздікпен еске түсіріп, діни мекемелерде соғыс құрбандарының рухына бағышталып діни жоралғылар жасалатын шығар. Аза кітабындағы тізімдер толықтырылып, майдангерлердің көзі тірілеріне, қаза тапқандарының жесірлеріне, жетімдік тақсыретін көріп өскен соғыс балаларына түрлі қолдау көрсетілетін болар. Қалай десек те, біздің елде бұл мерекеге орай «Зұлымдық империясы» атанған Кеңес одағының мұрагері Ресейдің үлгісін пайдалану дұрыс емес деген пікірді ұстанамыз. Өз елімізде мемлекеттік мерекелер мен атаулы күндердің сценарийлерін мемлекеттік, ұлттық идеологиялармен үйлестіріп ұйымдастыруға заңдық, морольдық тұрғыдан толық құқымыз бар. Мұндайда соғыс тақырыбын көп жазған майдангер жазушы Виктор Астафьевтің жұртшылықты Жеңіс күнін тойлауға емес, бейбітшілік тілеп жалбарынуға шақырғаны еске түседі.
...Сонымен, 2020 жылы Ертістің Кереку өңірін жаулаған патша жасақтарының әу баста Павлодар қаласының орнына әскери бекінісі салынғанына 300 жыл, ІІ дүниежүзілік соғыстың жеңіспен аяқталғанына 75 жыл толады. Межелі мерзімге жақындап келеміз, көңіліміз күпті, жүрегіміз қобалжулы. «Ақ ордадағы ұлықтар мен Керекудегі әкім-қаралар ертеңгі сын сағатта қайтер екен?» – деген бір ой санамызда сумаңдап тұр...
Арман ҚАНИ,
Павлодар қаласы