06 қаң, 2021 сағат 16:45

2020 жыл қорытындысы: Мұнай арзандап, көмір қымбаттады

2020 жылы өнеркәсіп саласындағы отандық өндірушілердің бағасы 4,2 пайызға төмендеді. Мұндай деректі ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жыл ішінде тау-кен өндіруде бағаның мұнайға - 22,8, табиғи газға 8,4 пайызға төмендеуі, металл кендеріне - 36,1, көмірге 2,5 пайызға жоғарылауы байқалды.

Өңдеу саласында баға мысқа - 32,7, асыл металдарға - 25,6, алюминийге - 19,8, мырышқа - 19,4, қара металдар илегіне - 7,9, қорғасынға 2,9 пайыз жоғарылады, ферроқорытпаларға 6,8 пайыз төмендеді. Мұнай өнімдерінен мазут - 38,1, дизель отыны - 13,3, бензин 10,2 пайыз арзандады, сұйытылған пропан және бутан 6,5 пайыз қымбаттады.

Азық-түлік өнімдерінен өндірушілерде баға өсімдік майына - 41,1, қантқа - 19,9, жармаларға - 15,5, қара бидай ұнына - 14,5, бидай ұнына - 12,9, макарон өнімдеріне - 10,7, шайға - 10, нанға - 7,6, сүт өнімдеріне - 7, күрішке - 5,6, мал етіне - 6,1, құс етіне 1,1 пайыз қымбаттады.

Электр энергиясымен және сумен жабдықтауда бумен, ыстық сумен жабдықтау қызметтерінің бағасы - 16,2, электр энергиясы, оны тарату бойынша қызметтерді қоса алғанда - 12,7, суды бөлу бойынша қызметтер 5,7 өсті.