14 қар, 2018 сағат 11:51

2019 жылы ҰБТ-ға қандай өзгерістер енгізілуі мүмкін?

Мектептегі оқушыларының басты білім сыны - Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) мен Оқу жетістігін сырттай бағалау (ОЖСБ) жүйесіне 2019 жылы қандай өзгерістер енгізіледі? Бұл туралы Астанада өтіп жатқан «Нұр Отан» партиясы бастауыш ұйымдарының республикалық форумында Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов айтты.

«Маңызды сұрақтардың бірі - тестілерге енгізілетін өзгерістер. Мәселен, бізде қазір ҰБТ мен ОЖСБ бар. Қазіргі таңда біздің мұғалімдер бір мәселені көтеріп отыр. Олардың айтуынша, министрлік жаңартылған білім мазмұнын енгізіп жатса, демек функционалды сауаттылыққа мән беру керек. Яғни, ойлы дағдыға баса ден қойылуы тиіс. Мұғалімдердің сөзіне құлақ ассақ, қазір ҰБТ мен ОЖСБ кезінде ең алдымен есте сақтауға маңыз беріледі», - дейді вице-министр.

Асхат Аймағамбетовтың айтуына қарағанда, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ҰБТ мен ОЖСБ форматы емес, сұрақтарының мазмұнына өзгеріс енгізілетін болады. «Демек, мектеп оқушылары енді «қашан және қай жылы?» деген сұраққа емес, көбінесе «қалай және неге?» деген сұраққа жауап беретін болады. Бізге ең алдымен балалардың ойлау қабілеті, білімін қолдана білуі мен талдауы маңызды», - деді ол.

Еске сала кетсек, елордадағы Конгресс-орталықта «Нұр Отан» партиясы бастауыш ұйымдарының республикалық форумы өтіп жатыр.