18,3 мыңға жуық тұрғынның мүгедектік мерзімі бірден 3 айға созылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
Министрлік баспасөз қызметінің мәліметінше, ведомствода мүгедектерді қолдау бойынша қосымша шаралар қабылданған.
«Қайта қарау мерзімі төтенше жағдайдан бір ай бұрын және осы кезде (16 ақпаннан 10 мамырға дейін) орын алған және қайта тексеруден өтпеген мүгедектер үшін мүгедектік мерзімі автоматты түрде бұған дейін белгіленген қайта тексеру күнінен бастап 3 айға ұзартылады. Сонымен бірге қайта тексеру мерзімі ақпан айына келген мүгедектерге ай толық есептеледі», делінген хабарламада.
Бұл шаралар мүгедектерге әлеуметтік қолдау көрсету, сондай-ақ Төтенше жағдай режимі аяқталғаннан кейін карантиндік шараларды сақтау мақсатында қабылданған.
«Мүгедектікті автоматты түрде ұзарту медициналық-әлеуметтік сараптамаға құжаттарды рәсімдеу кезінде бір жерде топталуын болдырмайды және азаматтардың ауру жұқтыру қаупін азайтады. Мүгедектерді оңалтудың жеке бағдарламаларын жүзеге асыру мерзімі 3 айға ұзартылды. Бұрын ұсынылған оңалту шаралары, соның ішінде техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз ету күшінде қалады.
Мүгедектерді әлеуметтік қолдаудың барлық әлеуметтік қолдау шаралары мен жеңілдіктері 3 айға ұзартылды. Жәрдемақы бұрын айқындалған мүгедектік тобына, еңбекке жарамсыздық дәрежесіне сәйкес төленеді.
Айта кету керек, денсаулығының жағдайы өзгерген жағдайда, мүмкіндігі шектеулі жандар қайта тексеруден бұған дейін белгіленген мерзімнен бұрын өтуге құқылы», делінген хабарламада.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, қайта сараптама тағайындалған уақытынан бастап бір ай ішінде жасалуы керек. Мысалы, қайта тексеру мерзімі 20 наурызда келген болса, онда мерзім автоматты түрде 20 маусымға дейін ұзартылады, ал 20 шілдеге дейін қайта тексеруден өту керек.