Стегозавр – Солтүстік Америка, Азия және Еуропада өмір сүрген динозаврдың бір түрі. Алғаш рет оның қаңқасы Африкадан табылған. «Палеонтологтар 168 миллион жыл бұрын өмір сүрген стегозавр қаңқасын Мароккодан тапты» деп хабарлайды ВВС.
«Кейінгі Юра кезеңінде өмір сүрген, шөпті өсімдіктермен қоректенетін динозаврдың бұл типі Солтүстік Африка жерінде бұрын-соңды кездеспеген» делінген мақалада. Ал палеонтолог Сюзанна Майдмент стегозаврдың бұл жаңа түрін Adratiklit boulahfa деп атады, бұл - бербер тілінен аударғанда «тауда өмір сүретін кесіртке» дегенді білдіреді.
«168 миллион жыл бұрын өмір сүрген стегозавр қаңқасы Мароккодағы Орталық Атлас тау жотасынан табылды» дейді С.Майдмент.
Зерттеушілердің айтуынша, кейінгі Юра кезеңінде өмір сүрген динозаврдың бұл жаңа типі динозаврлар эволюциясын жете түсінуге көмектеседі. Сондай-ақ басылым Жер ғаламшарында бұрын екі суперконтинент – Лавразия мен Гондвананың болғанын, мезозой дәуірінде протоконтинент Пангеяның пайда болғанын жазады.
«Тиреофорлар (стегозаврлар да осы типке жатады) бұрынғы зерттеулер бойынша Лавразияда ғана таралған. Алайда, 168 миллион жыл бұрын өмір сүрген стегозавр қаңқасының Мароккодан табылғаны қалыптасқан бұл теорияны жоққа шығарды» дейді басылым.
Палеонтолог С.Майдмент: «Стегозаврлардың басым көпшілігі, оның ішінде ең үлкен Софи стегозаврының қаңқасы Лавразия территориясынан табылған. Ал жаңа табылған қаңқа Гондвана жерінен анықталып отыр. Яғни, Гондвана континенті толық зерттелмеген» деп қорытындылады.
Айта кетерлігі, стегозаврлар тиреофор отрядына жатады. Олар 182,7-66,0 миллион жыл бұрын өмір сүрген. Ұлыбританияда Орта Юра дәуірінен Төменгі Борға дейінгі кезеңде өмір сүрген алты ұрпақтың стегозаврларының қалдықтары табылған болатын. Ал британдық стегозаврлардың ең ежелгі типі Орта Юра кезеңінің Бат дәуіріне тиесілі.