24 қаң, 2024 сағат 10:30

16 жастағы Әмір Омарханов Australian Open-нің ширек финалына шықты

Фото: ҚТФ баспасөз қызметі

Қазақстандық теннисші Әмір Омарханов жасөспірімдер арасындағы Аустралия ашық чемпионатының ширек финалына шықты, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚТФ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әлемдік рейтингіде (жасөспірімдер арасында - ескерту) 27-орында тұрған Қарағанды теннис мектебінің түлегі қазақстандық спортшылар арасында алғашқы болып осындай нәтижеге қол жеткізіп отыр.

Омарханов үшінші айналымда әлемдік рейтингіде өзінен бір саты жоғары тұрған оңтүстіккореялық Чанджун Кимді қапы қалдырды.

Бірінші сетте қазақстандық теннисші 6:3 есебімен басымдылық танытса, екіншісінде Ким есе қайырды.

Есесіне шешуші, үшінші сетте Омарханов 19 минутта қарсыласына еш мүмкіндік қалдырған жоқ – 6:0.

Тартысты бәсеке сағат жарымнан астам уақытқа созылды.

Айта кетейік, Әмір Омарханов жартылай финалға шығу үшін жасөспірімдер арасында әлемнің 25-ракеткасы, нидерландық Мес Ротгерингпен кездеседі.