29 мам, 2020 сағат 18:20

1,5 трлн теңге керек – Біртанов медициналық нысандардың тозуы жайлы

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов медициналық нысандардың ескіріп, медициналық құрылғылардың тозуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Шынында да ескіру жағдайы бұрыннан бар. Біздің есебімізше бұл инфрақұрылымды қалпына келтіру үшін заманға сай технологияларды ескермегеннің өзінде 1,5 триллион теңге керек. Яғни 100 пайыздық жарақтандыру үшін орасан зор қаражат қажет. Бұл жерде әлбетте ең алдымен ауылды аймақтар мен аудандық ауруханаларға қиын. Себебі ол жақта мамандар бейімделген нысандарда жұмыс істеуге мәжбүр», - деді Елжан Біртанов Денсаулық сақтау министрлігінің Facebook парақшасында «Хабар 24» арнасы тілшісінің сұрағына жауап бере отырып. 

Министрдің айтуынша мемлекет 2007-2015 жылдары жүргізген «100 мектеп – 100 аурухана» бағдарламасы аясында инфрақұрылым едәуір жақсарып қалған. Алайда бұл ретте ары кетсе аудандық, облыстық ауруханалар ғана салынған. 

«Өкінішке қарай көп бөлік назардан тыс қалды. Ал қазір бұл жұмысты ары қарай жалғастырудың маңызы зор. Ең бірінші кезекте орталық аудандық ауруханаларды бекемдеп, екінші кезекте облыстық қалалардағы көпбейінді ауруханаларға назар аударған жөн. Ондағы көпбейінді медициналық орталықтарға әртүрлі саланың мамандарын интеграциялай алар едік. Бізде қазір өкінішке қарай ауру тобының әр түріне арналған аурухана бар. Адам ауыр жағдайда емханаға түскен кезде оны емдей алатын басқа ауруханаға апаруға тура келеді. Мұның арты адамдар үшін айқын қауіпке әкелуі ықтимал», - деді Елжан Біртанов. 

Министр коронавирус инфекциясымен бетпе-бет келген кезде де қиындықтар туындағанын айтады. 

«Эпидемия кезінде инфекциялық емханалардың бары үлкен артықшылық болды. Алайда күрделі патологиясы бар, пневмониямен адамдар түсе бастаған кезде әртүрлі мамандықтағы дәрігерлерді тартуға тура келді. Біздегі инфекциялық ауруханаларда компьютерлік томографтар да болмай қалды. Ал бұл томографтар диагностика жасауда ең керекті маман. Сол себепті әр өңірде көпбейінді аурухана салудың маңызы зор. Белгілі бір аурумен түскен адамды басқа ауруханаларға тасымай, дәл сол жердегі мамандар қарайтындай жағдай жасалуы тиіс. Бұл – әлемдік тәжірибе», - деп түйді Елжан Біртанов. 

Министр осы себепті мемлекеттік бағдарлама аясында ірі 20 көпбейінді аурухана салу туралы жұмыс жоспары енгізілгенін мәлім етті.