10 қыр, 2024 сағат 17:40

1,47 трлн теңге болатын заңсыз иемденілген активтер елге қайтарылды - Нұрдәулет Сүйіндіков


Фото:baq.kz

2022 жылдың басынан бері 1,47 трлн теңге болатын заңсыз иемденілген активтер елге қайтарылды,  деп хабарлайды "Ұлт Ақпарат"

Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының Активтерді қайтару жөніндегі комитетінің төрағасы Нұрдәулет Сүйіндіков Астанада өткен брифингте мәлімдеді.

"Бүгінге еліміздің Премьер-Министрі жетекшілік  ететін арнаулы Комиссия жалпы сомасы 450 млрд теңгеге жуық 40-тан астам келісім жасауды мақұлдады. Олар Заң субъектілерімен Арнаулы мемлекеттік қорға 300 млрд теңгеден астам ақша аударуы көздейді, оның 170 млрд теңгеге жуығы бүгінгі күнге қор шотына түсті. Жасалған келісімдер бойынша 100 млрд теңгеден астам сомаға активтер мемлекет пайдасына заттай түседі. 82 млрд теңгенің мүлігі Қайтарылған активтерді басқару жөніндегі компанияға беріліп те қойды", -деді ол.


Оның ішінде кәсіпорындардың акциялары мен үлестері, коммерциялық және тұрғын үй-жайлар, еліміздегі және шетелдегі элиталық жылжымайтын мүлік, жер учаскелері, зергерлік бұйымдар, сәнді заттар және басқа да құнды мүлік бар екен.

"Активтер әлеуметтік-экономикалық жобаларды одан әрі қаржыландыру үшін қолма-қол ақшаны бақылау шоты нысанында қалыптастырылған арнаулы мемлекеттік қорға берілетін болады. Осы мақсатта Ұлттық экономика министрлігі Әлеуметтік және экономикалық жобаларды іріктеу және өлшемшарттарын айқындау қағидаларын әзірлеп, бекітті", -дейді ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Инвестиция саясат департаментінің директоры Әлия Есдәулетова. 


Департамент директоры айтып отырған әлеуметтік жобаларға – Денсаулық сақтау, білім беру, халықтың әлеуметтік осал топтарын, мүгедек адамдарды, жетім балаларды, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды, ауыл жастарын, жұмыссыздарды, моноқалалар, ауылдық елді мекендер тұрғындарының мұқтаждықтары үшін коммуналдық және әлеуметтік-мәдени инфрақұрылым объектілерін қолдау саласындағы жобалар және Үкімет айқындайтын өзге де жобалар жатады. Ал экономикалық жобаларға – экономика салаларын дамытуға, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуге қажетті өндіріс орындарын құруға немесе жаңғыртуға бағытталған жобалар кіреді.

Айта кетейік, 2023 жылы Мемлекет басшысы «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңға қол қойып,  өткен жылы қыркүйекте Қайтарылған активтерді басқару жөніндегі Компания құрылды және басқарушы компанияға берілген активтерді басқару қағидалары бекітілді. Сондай - ақ, «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» ҚР Заңын іске асыруға қажетті заңнамалық база қабылданды, арнайы шот пен Арнаулы мемлекеттік қор ашылды.

ҚР Қаржы министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 2024 жылғы 9 қыркүйектегі жағдай бойынша Арнаулымемқор түсімдері 176,3 млрд теңгені құрайды, оның ішінде Басқарушы компаниядан түскен қаражат 5,7 млрд теңге, оның ішінде активтерді сатудан 5,559 млрд теңге және активтерді басқарудан (жалға беру) 141 млн теңге. Арнаулымемқордың қаражатын бөлу орталық мемлекеттік органдардың ұсыныстарын міндетті түрде ҚР Бюджет кодексіне сәйкес республикалық бюджет комиссиясында қараумен жүзеге асырылады.

Басқарушы компанияның балансына берілетін активтер бойынша жалпы сомасы 46,9 млрд теңгеге 219 активке, оның ішінде 196 зергерлік бұйымдар және 23 өзге активтер (тұрғын және коммерциялық жылжымайтын мүлік, өндірістік база, тұрғын емес үй-жайлар, заңды тұлғаның жарғылық капиталдарына қатысу үлестері, аяқталмаған құрылыс, жер учаскелері, жылжымайтын мүлік объектісінің тауарлық-материалдық құндылықтары мен негізгі құралдары) Басқарушы компанияның меншік құқығы тіркелген, балансқа қою жүзеге асырылды. Жалпы құны 38,2 млрд теңге (виллалар, автокөліктер, пәтерлер, қоймалық үй-жайлар, тұрақ орындары, үйлер, аяқталмаған құрылыс) активтерді беру шарттарына қойылды, 0,39 млрд теңге сомаға заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесі беру процесінде.