25 шіл, 2025 сағат 10:32

11 ұлттық спорт түрі ресми түрде басым бағыттар қатарына енді — Туризм және спорт министрлігі

Фото: Prosports.kz

Қазақстанда ұлттық спорт түрлері мемлекеттік деңгейде қолдау тауып, заңнамалық тұрғыдан басым спорт түрлері қатарына енгізілді, деп хабарлайды Ult.kz.

Спорт және дене шынықтыру істері комитетіне қарасты «Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы» РМҚК-да қазіргі уақытта ресми түрде тізілімге енгізілген 11 ұлттық спорт түрі бар.

Ұлттық спорт түрлеріне мыналар жатады:

  • Көкпар

  • Аударыспақ

  • Теңге ілу

  • Жамбы ату (садақ ату)

  • Бәйге

  • Сонымен қатар зияткерлік және жекпе-жек спорт түрлері де қамтылған.

Ұлттық спорт түрлері – жауынгерлік рухтың символы. Олар халқымыздың ерлікке, төзімділікке, шапшаңдыққа баулитын дәстүрлі жаттығулары ғана емес, сонымен бірге ұлттық сана мен рухты нығайтатын құрал.

Биылдан бастап бұл спорт түрлері «Дене шынықтыру және спорт туралы» Заңға сәйкес басым спорт түрлері тізбесіне енгізілді. Бұл олардың даму қарқынын арттырып, мемлекеттік қолдау мен инфрақұрылым тартуға жол ашады.

Қазақ күресінің орны ерекше

Осы спорт түрлерінің ішінде қазақ күресі – ұлт тарихымен біте қайнасқан, халқымыздың жекпе-жек өнерінің алтын діңгегі. Ол тек спорт емес, тәрбиелік маңызы зор мәдени мұра ретінде де қарастырылады.

Алдағы уақытта министрлік ұлттық спортқа қатысты ақпараттық-таныстырылым топтамасын қолға алмақ. Алғашқы жазбада қазақ күресінің ерекшеліктері мен маңыздылығы кеңінен таныстырылады.