Фото: Pexels.com
Соңғы күндері әлеуметтік желіде 11 қарашадан бастап банк карталары жұмыс істемейтіні туралы хабар таралып, елді әбігерге салып жатыр. «Қолма-қол ақша алып жүріңіз, банк карталары жұмыс істемей қалады» деген ақпарат туралы Ұлттық банк түсініктеме берді, деп хабарлайды Ult.kz.
Ұлттық банктің хабарлауынша барлық банктердің төлем жүйелеріне ISO 20022 төлем хабарламалары жүйесі енгізіліп жатыр. Бұл жұмыстар қарашаның соңына дейін жалғасады.
"Бұл жұмыстардың карточкалармен жасалатын төлемдерге еш қатысы жоқ. Осылайша, халықтың төлем карталары, QR-кодтар, мобильді аударымдар, банкоматтардан қолма-қол ақша алу, ұялы байланыс төлемдері және басқа да төлемдер өзгеріссіз қалады", - делінген ақпаратта.
Сонымен қатар, ақпарат жүйелерін баптау қажет болғандықтан, банктер техникалық жұмыстар жүргізеді. Сондай кезде банкаралық қызмет көрсетуге байланысты төлемдерді қабылдау кестесінде қысқамерзімді өзгерістер болуы мүмкін (қаржы ұйымдары ISO 20022-ні енгізетін демалыс күндерінде).
Ұлттық банктің сөзіне сенсек банк карталарынан ақша шешіп әбігерге түсудің қажеті жоқ.