«100 жаңа есім» жобасын жүзеге асыру және кандидаттарын іріктеу жөніндегі жұмыс тобының құрамына кіретін «Болашақ» қауымдастығының атқарушы директоры Азамат Божаков өзінің алдағы таңдауы туралы пікір білдірді.
Қазіргі таңда ол «100 жаңа есімнің» болуы мүмкін кандидатының тек біреуін ғана атады. «Бұл - еліміздің белгілі бір саласының дамуына өзінің нақты үлесін қосқан адамдар. Егер ол дәрігер болса, онда мен кардиохирург Дмитрий Горбуновтың есімін атар едім. Ол «Болашақ» бағдарламасының түлегі, жүрекке ота жасап, көптеген адамдардың өмірін сақтап қалған жан. Бірақ ол туралы әзірге тек өзі жұмыс істейтін аурухана ғана біледі», - деді Божаков.
Божаковтың пікірінше, жүз қазақстандық тұлғаның тізіміне кіретін бірнеше лайықты кандидат бар. Бірақ ол олардың есімдерін атамады. «Болашақ» бағдарламасы бойынша жұмыс істейтін ұстаз бар. Оның балалары олимпиадаларда бірнеше рет жүлделі орындар алды. Көптеген ғылыми мақалаларды, соның ішінде баламалы энергетика саласында ғылыми мақалалар жазған ғалым да бар. Мұндай адамдардың көпшілікке танымал медиа-тұлғалар болмауы керектігін атап өткім келеді. Біз елімізге жаңа есімдерді көрсеткіміз келеді», - деп түсіндірді ол.
Сондай-ақ, А. Божаков аталмыш жобаның Қазақстанның болашағы үшін маңызы зор екендігін атап өтті. «Бұл жоба арқылы біз өзінің күн сайынғы еңбегімен ізгі істер атқарып жатқан бірегей тұлғаларды көрсеткіміз келеді. Жас ұрпақ үшін бұл жақсы үлгі және мотивация болуы керек. Себебі жастар олардан үлгі алып, өзін-өзі кемелдендіруге ұмтылады», - деді «Болашақ» қауымдастығының басшысы.