«Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы еліміздің әр түкпірінен, түрлі жастағы адамдардың, сан алуан ұлт өкілдерінің арасынан отандастарына үлгі болатын, табысқа жеткен адамдардың тарихынан тұрады. Аталған жүз және одан да көп жаңа есім заманауи Қазақстанның келбеті мен бейнесіне айналады.
Бүгінгі күнге дейін «100 жаңа есім» жобасына еліміздің түкпір-түкпірінен 1700-ден астам өтініш түскен.
Бірегей жобаның мақсат-міндеттері туралы Павлодарда өткен жиында сөз болды. Еліміздің гүлденуіне өлшеусіз үлес қосқан азаматтардың ішінде 200-ден астам павлодарлық бар. Олар – медицина, педагогика, өндіріс саласында еңбек етіп жүрген қарапайым азаматтар. Ел дамуына атсалысқан жас және орта буын өкілдері туралы мәліметтер түрлі интернет ресурстарда жарияланған.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде іске асырылып жатқан жобаға қатысушыларды тіркеу жыл соңына дейін жалғасады.
Ержан Бағдатов, бастамашыл топ мүшесі:
- Осындай жобаға қоғамның үлесі керек. Атсалысып, осындай жобаға көбірек қатысу керек деп ойлаймыз. Бұл жобаның мақсаты – қазақстандықтарға жалпы біздің ортамызда жүрген адамдардың істеген жұмыстарын, олардың қандай үлес қосып жатқанын көрсету.
Бұл жоба мақсаты Қазақстанның тәуелсіздік алған жылдарында ел дамуына үлкен үлес қосқан азаматтарды елмен таныстыру. Еліміздің дамуы, бейбіт заманда өмір сүруі, тұрақты болуы алуан түрлі тұлғалардың, сан түрлі тағдырлардың еңбегінің нәтижесі. Көп жағдайда, осы көп еңбекті атқарған, ел дамуына зор үлес қосқан азаматтардың өздері мен олардың табысқа жету тарихы әдетте құрғақ фактілер мен цифрлардың тасасында қалып қояды. «100 жаңа есім» жобасы бұл кеткен олқылықтың орнын толтыруға арналғандай. Бұл жобада Қазақстанның әр түрлі өңірінде өмір сүретін, әр түрлі жастағы, сан алуан этнос өкілдерінің табысы, табысқа жету жолдары баяндалмақ. Олардың ел дамуына қосқан үлесі, бүгінде қосып жатқан пайдасы да ескерусіз қалмайды. Және сол адамдардың жетістіктер тарихы мен өмір жолдарынан қазіргі қазақ қоғамын тануға болады. Бұл жоба әуелден үш мәселені шешуге бағытталған: біріншіден – Қазақстанның дамуына, әрбір жаңа белесті бағындыруына үлес қосып жатқан, ел тарихын жасауда тікелей септігін тигізіп жатқан тұлғалармен қоғамды таныстырады; екіншіден – оларға ақпараттық қолдау жасап, танымал етудің жаңа мультимедиалық алаңын қалыптастырады; үшіншіден – «100 жаңа есім» жобасының әр өңірде баламасы болады.