20 там, 2017 сағат 22:53

«100 жаңа есім» жобасы - қоғам назарында

«100 жаңа есім» жобасына сұранымдарды қабылдау жалғасып жатыр. Аталған жүз және одан да көп жаңа есім заманауи Қазақстанның келбеті мен бейнесіне айналмақ. Бүгінгі күнге дейін «100 жаңа есім» жобасына еліміздің әр түкпірінен 1700-ден астам өтініш түскен. Басты мақсат - жаңа дәуірдің басында тұрған замандастарымыздың жетістіктеріне зер салып, оларды халық арасында һәм кейінгі буынға насихаттау. Одан бөек тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен, еліміздің барлық өңірінде тұратын түрлі жастағы, сан алуан этнос өкілдерінің тарихи жеңістері мен жетістігін паш ету.  

«Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы қоғам арасында әлдеқашан тартысты пікірталас тудырып үлгерді. Бірі аталған тізімге тек жастар енсін десе, енді бірі шет елде жүрген қандастарымызды да, ел дамуы мен өркендеуіне сеп тигізген өзге ұлт өкілдерін де ұмытпау керек деп отыр.  Елбасының рухани жаңғыруға қатысты бұл тапсырмасын жүзеге асыруға байланысты арнайы жұмыс топтары да құрылған. Сарапшылар аталған жобаны іске асырудағы тетіктерді саралап, бір сыпыра мәселенің шешімін тапқандай болды.

«Мұндай жобалар қазақстандық тәжірибеде осыншалық үлкен деңгейде болмаған, яғни мемлекеттік-халықаралық деңгейде деуге болады. Сондықтан әрине бұл - үлкен тәжірибе, жалпы ғылымда қалыптасқан қағидалар бойынша бұл мәселе жөнінде зерттеуге тура келді», - дейді тарих ғылымдарының докторы, профессор Саттар МӘЖІТОВ.

Еліміздің әр қилы салада дамуына үлес қосып жүрген азаматтарымызды бүгінгі күннің қаһармандары десек артық болмас. Мектеп қабырғасында жүріп, айтарлықтай жетістікке жеткен оқушыдан бастап, зейнет жасындағы қарияларымыз да бұл тізімге еңе алады. Қазірдің өзінде арнайы коммиссияға өтінім бергендердің саны бірнеше мыңнан асып жығылды. Олардың қатарында Алматы қаласының 23 жастағы тұрғыны Мәулен Бектұрғанов та бар.  Ол бионикалық протез ойлап тапқан. Дәл сол құрылғыны жасап шығару үшін кейіпкеріміз жылдар бойы тер төккен. Бүгінгі таңда жас азамат жекеменшік компанияны басқарады.

«Қолдың бұлшықеттері арқылы мына протезді басқаруға болады. Арнайы микро-бақылаушы белгілерді қабылдайды. Соның арқасында қажетті қимылдар жүзеге асады. Протездің тағы бір ерекшелігі - егер адам қолына қажетті затты алса, ол оны қатты күшпен қыса алмайды. Ол үшін арнайы датчик орнатылған», - дейді протез дайындайтын компания директоры Мәулен БЕКТҰРҒАНОВ.

Протез көмегімен қолынан айырылған адам бірқатар әрекеттерді орындай алады. Ол күнделікті өмрдегі қарапайым қимылдар. Жасанды мүше арнайы қоспалары бар пластиктен жасалған. Соның арқасында икемді екен.

«Протез өте ыңғайлы және қолдануда еш қиындық тудырмайды. Оны бекітудің де қажеті жоқ. Протезді киіп, батырманы басып оны қоссаңыз болғаны. Бастысысы құрылғыны қуаттандыруға қойып алу қажет. Жалпы қолданыста бұл протез өзгелеріне қарағанда адамға жайлы», - деді протез дайындайтын компания директоры Мәулен БЕКТҰРҒАНОВ.

Жас өнерпаз дәл осындай протез түрлері шет елдерде бар екенін және дамып жатқанын жасырмайды. Бірақ бағасының өте қымбат болуынан отандастарымыз көп уақыт заманауи протезге қол жеткізе алмай келген еді. Ал осы жылдың мамыр айында «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы бастау алғанын білген Мәуленнің достары ол бұл тізімге енуі тиіс деп өтінім жіберген көрінеді.

«Ол тұлға қандай болуы керек? Бір жағынан еңбекқор болуы керек әрине, еңбекқор. Орысша айтқанда "мобильді" дейміз ғой. Жалпы сондай бір еңбекте, тұрмысында, іс әрекеттерінде сондай ерекше жаңғыруға жақын келетіндей тұлға болуы керек секілді», - деді тарих ғылымдарының докторы, профессор Саттар МӘЖІТОВ.

«Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының сайтына еліміздің түкпір-түкіпірінен, тіпті өзге мемлекетте жүріп Қазақстанның дамуына үлес қосып келе жатқан азаматтардан сұраным түскен. Ендігі кезек арнайы коммиссияда. Олар берілген ақпараттарды тексеріп, іріктеу өткізеді. Айта кету керек, бүгінгі күннің 100 қаһарманың отандастарымыз онлайн дауыс беру арқылы анықтайтын болады. Жеңіске жеткен азаматтар жайлы әр түрлі телебағдарламалар, тіпті фильмдер де түсіріледі деп жоспарлануда.

Сарапшылар: «Бұрын-соңды бұндай жоба Қазақстанда қолға алынбаған», – деді. 100 жаңа есімді таңдауда әлеуметтік, мәдени, салалық және аймақтық секілді көптеген қағида ескерілмек. Ендеше, Елбасы мақаласынан бастау алған «100 жаңа есім» жобасы - қоғам назарында.