21 қыр, 2017 сағат 16:06

"100 жаңа есім". Антына адал азамат

Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасын қолға алып, еліміздің тәуелсіздігі жылдарында табысқа жеткен азаматтардың есімдерін тарих тарауына енгізіп, олардың сан тарау өмір жолдарындағы өрелі істерін өскелең ұрпаққа насихаттау қажеттігін атап көрсетті.

Иә, Қазақстан – тұтас мемлекет болса, оның өркендеп өсуі, көркейіп, кемелденуі әр аймақтың өзіндік тіршілік тынысына қарай әр бағытта жүйелі жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың нәтижесімен бағаланады. Олай болса, еліміздің экономикалық әлеуетінің артып, әлеуметтік жағдайының тұрақталуы жолында бүгінгі қоғамның бәсекелестік талабына сай тер төгіп  жүрген азаматтар қатары аз емес.

Тәуелсіздік жылдарында ел экономикасы аса сындарлы кезеңнен өткені белгілі. Сол кезеңде әлеуметтік саланың ауқымды бір бөлігі – денсаулық сақтау саласының алдында тұрған көптеген күрмеулі мәселелерді шешудің оңайға соқпағаны анық. Десек те, өтпелі қиындықтарға дес бермей, елімізде медицина саласының әлемдік стандарттарға сай жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізіп, халыққа жоғары сапада қызмет көрсету ісін жолға қойған жерлесіміз Табынбаев Нариман Болтайұлының еңбегін ел-жұрт  ерекше бағалайды.

Ол 1961 жыл 23 ақпанда Қызылорда облысы, Жала¬ғаш ауданы, Жалағаш кентінде дүниеге келген. Аудан  орталығындағы №31 орта мектебінде оқып жүрген бозбала шағында ол адам өміріне араша тұрып, дертіне дауа табатын дәрігер болуды армандайтын. Тек армандап қана қойған жоқ, бойындағы таудай талабын шыңдап, алдына биік мақсат қойды. Осылайша 1984 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтына  (қазіргі Қазақ ұлттық медицина университеті) түсіп, жоғары білім алады.

Алғашқы еңбек жолын 1984-1986 жылдары Қызыл¬орда облысы Жалағаш аудандық ауруханасында дәрігер болып бастаған ол өз мамандығының адам өмірі үшін өте жауапты екенін сезінді. Күні-түні уақытпен санаспай, өмірі үшін арпалысқан талай жандардың тағдырына араша түсті.  

Ал 1986-1993 жылдары Қызылорда облыстық ауруханасында бөлім меңгерушісі, бас дәрігердің орынбасары, 1994-1996 жылдары Алматы облысы Қарасай аудандық ауруханасында дәрігер, бас дәрігердің орынбасары, 1997-2007 жылдары Урология ғылыми орталығында ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі, 2007-2008 жылдары бас дәрігер болып қызмет атқарған жылдарында жалпы медицина саласын заман талабына сай жаңғырту мәселесіне ерекше көңіл бөледі. Білікті маман 2008 жылы Қызылорда қаласындағы медициналық орталықтың бас дәрігері болған кезінде білімі мен тәжірибесін аянбай жұмсап, сала жұмысына серпін берді. Ал 2014 жылы «Бизнестің Жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша облыс орталығынан «MEDIUM» андрология және урология орталығын ашып, бүгінге дейін аймақ тұрғындарына сапалы қызмет көрсетіп келеді. Айталық, бұл орталықта білікті дәрігерлердің кеңесі, ультрадыбыстық және лабораториялық диагностика, физиотерапевтік, процедуралық кабинеттер қызметі, күндізгі стационар жұмыс жасайды.Бүгінде бұл орталық еліміздегі урология ғылыми орталығының филиалы деңгейінде қызмет көрсетеді.  «MEDIUM» ЖШС мекемесін дәрігердің жұбайы Мадина Табынбаева басқарады. Ал Нариман Болтайұлы мұнда жоғары сапада дәрігерлік қызмет көрсетеді.    

 

Қазіргі таңда Н.Табынбаев «Онкология және трансплантология ұлттық ғылыми орталығы» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы.

Иә, Тәуелсіздік жылдарындағы табанды еңбек еткен білікті дәрігер  медицина саласы бойынша көптеген жетістіктерге жетті. Атап айтар болсақ, ол 130 ғылым мақалалардың, 5 монографияның, 2 оқу құралы¬ның, 5 әдістемелік нұсқаулықтың, 9 авторлық куәліктің иесі. Сондай-ақ, оның жетекшілігімен 3 медицина ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін қорғады.

Бүгінде ол Медицина ғылымдарының докторы, профессор, денсаулық сақтау ісінде жоғары -санатты білікті дәрігер-уролог, Еуропалық урологтар ассоциациясының мүшесі, ҚР клиникалық және фундаменталдық медицина ғылым академиясының академигі, Б.У.Джарбурсын атындағы Ұлттық ғылыми урология орталығының құрметті профессоры.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау ісінің үздігі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан «Құрмет грамотасын», «Шапағат» медалін иеленген білікті де бірегей маман.

Осынша биік лауазым, атақ, абыройдың төрінде тұрса да, ол кісімен әңгімелесу барысында бойындағы қарапайымдылық қасиетін, адами болмысының барынша шынайылығын, азаматтық ұстанымының беріктігін аңғардық.

Антына адал еңбегімен, халқына қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан білікті дәрігер, медицина ғылымдарының докторы, профессор Нариман Болтайұлының айтуынша,  рухани жаңғырудың мәні – табиғи қалпымызды сақтай отырып, жаһандық дамудың жағымды жаңалықтарын қабылдай білу қажет.      

Ғазиза ӘБІЛДА