25 қаң, 2022 сағат 20:55

100 мыңнан астам кәсіпкердің өтініш-тілегі Президентке тікелей жеткізілді – Мырзахметов


Жаппай тәртіпсіздіктер кезінде отандық бизнеске айтарлықтай шығын келді. Бүгінде бизнеске келген шығынды жою жолдары қаралып жатыр. Осы орайда «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлер арасында анонимді сауалнама жүргізді.

Бұл туралы палатаның басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

«Біз қаңтар оқиғасына қатысты кәсіпкерлер арасында 3 рет ке ауқымды анонимді сауалнама жүргіздік. Оған 100-мыңнан астам кәсіпкер қатысты. Кәсіпкерлердің ұсыныс, пікірі мен өтініш-тілегі тікелей Президент пен Үкіметке жеткізілді. Осылайша кәсіпкерлермен кері байланыс орнатып жатырмыз», - деді Абылай Мырзахметов Facebook парақшасындағы тікелей эфир барысында. 

Оның айтуынша, сауалнама жүргізу барысында санға емес сапаға мән берілді.

«Проблеманы анықтап, оны шешуде сауалнаманың маңызы зор. Бірақ, сапа маңызды. Сондықтан біз сауалнама әрбір қазақстандық кәсіпкердің үнін естігіміз келеді. Бізге келген жауапта біраз дүние қозғалған. Оның ішінде құзырлы органдар мен әкімдіктердің жұмысына қатысты. Жекелеген компаниялардың қызметі туралы айтылған. Одан бөлек, мемлекеттік субсидия мен грантқа ие болудың қиындығы туралы сөз қозғалған. Сауалнаманың нәтижесі «Атамекен» ҰКП-ның сайтында және менің әлеуметтік желідегі парақшамда жария етіледі. Танысып көре аласыздар», - дейді ол. 

Сондай-ақ, басқарма төрағасы кәсіпкерлер арасында жүргізілген сауалнама нәтижесінің мемлекеттік органдар мен әкімдіктер үшін де пайдалы болатынын жеткізді.