10 қаң, 2019 сағат 13:13

10 жасар алматылық қыз АҚШ-тың телебағдарламасына түсті

10 жастағы алматылық қыз Софи Манасян Nickelodeon командасына Lip Sync Battle Shorties балалар шоуына қатысу мүмкіндігі үшін алғыс айтты. Айта кету керек, бүкіләлемге тарайтын шоу АҚШ-та эфирге жұма күні шығады.

Бүлдіршін Инстаграмдағы өз парақшасында телеарна тобына алғыс білдірді.

«Nickelodeon командасына кәсіби біліктілігі үшін алғыс білдіремін. Сонымен қатар, әр елдің балаларына ұлты мен тілі, дініне қарамастан осы шоуға қатысып, жұлдыздай жарқырауға мүмкіндік бергені үшін мың рахмет!», - деді жас жұлдыз.

Осылайша Софи әлемдегі ең танымал балалар мен жасөспірімдер шоуына қатысқанына қуанышты екенін жеткізді.

«Жақында Nickelodeon арнасында! Көңілді болады! Менің анам сонда түсуім үшін қолынан келгенін жасады. Маған ол үшін тіл үйрену қажет еді. Бұл естен шықпайтын тәжірибе болды. Америкалықтар үшін менің акцентім сезіліп тұрды. Мен әлі де көп әзіл мен қалжыңдарды түсіне бермеймін. Үйреніп алсам, бұдан да үлкен биіктерге жетемін! Nickelodeon арнасын көріңіздер», - деді ол.

Мұның алдында С.Манасянның анасы оның Lip Sync Battle Shorties балалар шоуына қатысатынын айтқан болатын. Бұл шоу жергілікті уақытпен АҚШ-та жұма күні кешкі 19:00-де көрсетіледі.

Қазақстандықтар шоуды 12-қаңтарда 09:00-де көре алады.

Айта кету керек, 10 жасар алматылық қыздың Nickelodeon арнасындағы шоуларға кастингтен өткені туралы тамызда белгілі болған еді.

Lip Sync Battle Shorties -балалар мен жасөспірімдерге арналған америкалық шоу-бағдарлама. Ең алғашқы шығарылымы 2016 жылы 11 желтоқсанда шыққан еді.

ҚазАқпарат