2020-2021 оқу жылына арналған магистратура дәрежесі бойынша гранттар 10 202 адамға тағайындалды. Бұл туралы ҚР БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру департаментінің директоры Әділет Тойбаев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Бүгін 2020-2021 оқу жылына арналған магистратура дәрежесі бойынша гранттарды тағайындау конкурстық комиссияның соңғы отырысы өтті. Бейінді бағыттарда магистратура бойынша грант иегерлері анықталды. Осымен конкурстық комиссияның ресми жұмысы аяқталды. 2020-2021 оқу жылына магистратургаға 12 829 грант бөлінді. Ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша 12 119, бейіндік магистратурға 710 грант бөлініп отыр», - деді ол.
Оның атап өтуінше, кешенді тестілеу 17 тамыз бен 1 қыркүйек аралығында өтті. Кешенді тестілеу алғаш рет компьютерлік форматта электронды түрде өткізілді.
«Кешенді тестілеу аясында алынған баллдар негізінде конкурс болды. Тестілеуге 38 199 адам өтініш берді. Олардың ішінде 34 746 талапкер қатысты. Осы талапкердің арасында 13 051 үміткер мемлекеттік білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысу мүмкіндігіне ие болды. Демек, 13 мыңнан астам талапкер кешенді тестілеуден 75-тен жоғары балл жинаған. 5 қыркүйекке дейін конкурсқа қабылдау жүргіздік. Гранттарды тағайындау конкурсына 12 179 адам қатысты. Конкурс 2 күн жүргізілді. Нәтижесінде комиссия шешімімен 10 202 адам грант игері атанды. Оның 128 үміткер бейіндік магистратура негізінде грант алды», - деді Әділет Тойбаев.