14 мам, 2020 сағат 12:15

10 мыңға жуық мүгедек адамға проактивті форматта мемлекеттік қызмет көрсетілген

10 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі азаматқа проактивті форматта арнайы мемлекеттік қызмет көрсетілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Еңбек ресурстарын дамыту орталығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Еңбек ресурстарын дамыту орталығы әлеуметтік қызметтер порталы арқылы проактивті форматта мемлекеттік қызметті көрсету жүйесін дамытуды жалғастыруда. 

Еске салсақ, аталмыш портал 2020 жылдың қаңтарынан бастап пилот режимінде жұмыс істейді. Бүгінде порталға мүмкіндігі шектеулі 580 адам және «қамқоршы» мәртебесі бар 288 адам тіркелді. Сондай-ақ, 233 адам портал арқылы кембағал жандарға арналған жеке қосалқы құралдарды алды. 

Сәуірден бастап азаматтар SMS хабарлама жіберу арқылы келесі мемлекеттік қызметтерді беріледі. Мүгедектерге протездік-ортопедиялық көмек алу құжаттарын ресімдеу; мүгедектерді сурдо-тифлотехникалық және міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз ету; жүріп-тұруы қиын І-ші топ мүгедектігі және есту кемістігі бар азаматтар жеке көмекшінің, ымдау тілі маманының қызметтерін алу үшін құжаттарды ресімдеу; мүгедектерге кресло-арбалар беру; мүмкіндігі шектеулі азаматтардың санаторий-курорттық емделуге жолдама алу.

«11 мамырдағы мәлімет бойынша, мүмкіндігі шектеулі азаматтардан 10 мыңнан астам SMS келіп түсті. Бүгінде порталда қолжетімді қызметтер тізімін кеңейту бойынша жұмыс жүргізілуде. Жақын арада проактивті форматта жеке көмекшіні таңдау (жүріп-тұруы қиын І-ші топ мүгедектері үшін), ымдау тілі маманы (есту кемістігі бар мүгедектер үшін) сияқты қызметтер қолжетімді болады», делінген хабарламада.

Қазір порталда 500-ге жуық тауар мен құралдарды жеткізуші және оңалту қызметтерін ұсынатын компания тіркелген.

Айта кетсек, бұрын мүмкіндігі шектеулі жандар қажетті қызметті және оңалту құралдарын мемлекеттік сатып алу арқылы алатын. Азаматтарға тендерлік процедуралардың ұзақтығынан қажетті тауарды күтуге тура келетін. Сондай-ақ, кембағал жандар көмек алуға өтінім ресімдеу үшін Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдеріне баруғы тиіс еді. 

2021 жылға дейін оңалту тауарлары мен қызметтерін портал және мемлекеттік сатып алу жүйесі арқылы алатын болады. Ал, 2021 жылдан бастап автоматтандырылған жүйеге толық көшу жоспарланып отыр.