01 сәу, 2020 сағат 15:30

1 шілдеге дейін барлық қазақстандықтар шартты түрде медициналық сақтандырылған болып саналады

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес АҚ басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов 1 шілдеге дейінгі шартты медициналық сақтандыру талаптарын түсіндірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«1 сәуірден бастап, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі толық іске қосылуы керек еді. Алайда, коронавирус індетіне байланысты төтенше жағдай кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы тапсырма берді. Осы тапсырмаға сәйкес, 1 сәуір мен 1 шілде аралығында барлық тұрғындар өзінің әлеуметтік немесе сақтандыру мәртебесіне қарамастан, кез келген тегін медициналық кепілдендірілген көмек пен МӘМС жүйесіндегі медициналық көмекті ала алады», - деді А. Жұмағұлов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте. 

Қор басшысының айтуынша, 1 сәуір мен 1 шілде аралығында кез келген қазақстандық шартты түрде сақтандырылған болып саналады. Яғни, кез келген қазақстандық Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі мен Тегін медициналық кепілдендірілген көмек тарапынан қызмет алуға құқылы. 

«Бұл - шамамен 2,5 млн астам азаматты қолдау жүйесі. Экономикалық жағдайға байланысты бұл көрсеткіш әлі де көбеюі мүмкін. Бұл бағытта қор тарапынан 20 млрд астам теңге қарастырылып отыр. Бұл қаражат қордың ішкі резервтерінен алынады», - деді А. Жұмағұлов.