14 шіл, 2020 сағат 07:05

1 қыркүйектен бастап оқушылар бірінші тоқсанды қашықтан оқиды

Қазақстанда оқушылар 1 қыркүйектен бастап бірінші тоқсанды қашықтан оқитын болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Үкімет отырысында сөз сөйлеген Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов басты басымдық – балалар мен мұғалімдердің өмірі мен денсаулығы екенін жеткізді.

«Осыған қарай келесі шешімдерді ұсынамын: біріншіден, шалғайда орналасқан шағын жинақты мектептерді қоспағанда 1 қыркүйектен бастап еліміздің барлық мектебіндегі 1-11 сынып оқушылары үшін оқу жылының алғашқы тоқсанын қашықтан оқыту форматында өткізу», - деді ол.

Өз кезегінде Үкімет басшысы Асқар Мамин Денсаулық сақтау мен Білім және ғылым, Цифрландыру министрліктері бойынша 1 қыркүйектен бастап орта мектептерде бірінші тоқсанды қашықтан оқыту форматында өткізуге дайын болуын қамтамасыз етуді тапсырды.

«Қажет болған жағдайда бастауыш сынып оқушылары ата-аналарының жазбаша өтініштері бойынша санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып, кезекші сыныптардың қызметін қамтамасыз етуді тапсырамын», - деді ол.