11 қаз, 2018 сағат 12:39

1 қаңтардан бастап 275 мың қызметкердің жалақысы өседі - Әбілқасымова

Бұл туралы Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың Шығыс Қазақстан облысының активімен кездесу барысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Министрдің айтуынша, 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы көлемінің 42,5 мың теңгеге дейін, яғни 1,5 есеге өсуі — бүкіл экономикаға мультипликативтік әсер етеді. Ең төменгі жалақының өсуі экономиканың барлық секторларында жалақысы төмен лауазымдарда жұмыс істейтін 1,3 млн адамның еңбекақысының өсуіне жол ашады. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап бюджеттік ұйымдарда жұмыс істейтін 275 мың азаматтық қызметкердің жалақысы өседі. Олардың жалақысы орта есеппен 35%-ға өседі.

«Ең алдымен I-IV санаттағы жұмысшылар, орта арнайы білімі бар, еңбек өтілі төмен негізгі, әкімшілік және техникалық жұмысшылардың еңбекақысы өседі. Мәселен, негізгі қызметкерлердің ішінде бұл – тәрбиешілер, әдіскерлер, зертханашылар, медбикелер, фельдшерлер, акушерлер және т.б. Әкімшілік, көмекші, техникалық қызметкерлер – техниктер, аудармашылар, әдіскерлер, іс жүргізушілер, мұрағатшылар, хатшылар, операторлар және т.б. Қазіргі уақытта біз Үкімет қаулысының тиісті жобасын әзірлеп, оны орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға бекітуге жібердік», - деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.