2019 жылдың 1 ақпанында Қазақстанның халық саны 18 млн 415,5 мың адамға жетіп, 2018 жылдың 1 ақпанымен салыстырғанда 237,9 мың адамға немесе 1,3 пайызға өсті. Бұл жайында ҚР ҰЭМ Статистика комитетінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталған кезеңдегі халық саны 10 млн 709,4 мың адамды немесе жалпы халық санының 58,2 пайызын, ал ауыл халқы 7 млн 706,1 мың адамды немесе 41,8 пайызды құрады.
Осы жылдың қаңтарында республикада 1 жасқа дейінгі 314 сәби (өткен жылдың қаңтарында - 317) өлімі тіркелді. 2018 жылдың қаңтарымен салыстырғанда 1 жасқа дейінгі сәби өлім-жітімі 0,9 пайызға кеміді. 2019 жылдың қаңтарында сәби өлімінің коэффициенті 1000 дүниеге келген балаға шаққанда 9,32 оқиға болды. Сәби өлім-жітімінің негізгі себебі перинаталдық кезеңде пайда болған жағдай саналады. Оның салдарынан қаңтарда 159 бала шетінеді. Туа біткен ауытқудан 60, тыныс алу мүшелері ауруынан 33, төтенше жағдайлардан 11 бала көз жұмды.
Осы жылдың қаңтарында өткен жылдың қаңтарымен салыстырғанда Қазақстанға келушілердің саны 25,1 пайызға, кетушілердің саны 8,6 пайызға артты. Негізгі миграциялық алмасулар ТМД елдеріне тиесілі. ТМД елдерінен келгендердің үлесі 84,5 пайызды және аталған мемлекеттерге кеткендер саны 90,5 пайыз болды.
Ел аумағынан тысқары кеткен мигранттар саны 0,7 пайызға артты. Өңіраралық қоныс аударуда көші-қонның оң сальдосы Батыс Қазақстан (25 адам), Павлодар (52), Түркістан (1 326) облыстарында және Астана (1 783) мен Алматы (2 128) қалаларында тіркелген.