02 нау, 2021 сағат 08:31

Сұлтанов: Азық-түлік бағасын тұрақтандыра алмаған әкім орынбасарларын жауапқа тарту керек

Азық-түлік бағасын тұрақтындыра алмаған әкім орынбасарларын жауапкершілікке тарту қажет. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын ұстап тұру бойынша өңірлердің жауапкершілігін атап өткен жөн. Олардың жұмысын талдау қорытындылары бойынша министрлік 1-тоқсанда атқарылған жұмыс туралы ақпарат енгізеді және шаралардың нақты нәтижелері болмаған жағдайда біз әкімдерінің жетекшілік ететін орынбасарларын жауапкершілікке тарту туралы мәселеге бастамашы боламыз», - деді агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың негізгі бағыттары және инвестициялық жобалардың іске асырылуы туралы баяндаған Бақыт Сұлтанов. 

Оның айтуынша, азық-түлік бағасын тұрақтандыруда нарықтың форвардтық сатып алу және «айналым схемасы» сынды құралдары тиімділігін көрсетіп отыр. Бүгінгі таңға жергілікті бюджеттерден аталған құралдарға 21,9 млрд теңге бөлінді. 

«Тетік тиімді, дегенмен нарыққа айтарлықтай әсер ету үшін қаржыландыруды кеңейту қажет. Отандық өндірушілермен келісімшарттарды «қолмен басқару» режимінде жүргізе отырып, желілерге арзандатылған кредиттерді 50 млрд теңгеге дейін ұлғайту керек», - деді ол.