Қазақстан сауда және интеграция министрлігінің тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті 31 қаңтарда Нұр-Сұлтан қаласы сотына "Bek Air" әуе компаниясының үстінен тұтынушылардың құқықтарын бұзу туралы талап арыз берді. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап, жергілікті бірқатар басылым хабарлады.
Талап арызда ұшақ апатынан кейін қызметінің тоқтатылуына байланысты "Bek Air" әуе компаниясы бұған дейін сатып алынған "ұшақ билеттерінің ақшасын уақытында қайтармай, тұтынушының құқығын бұзып отырғаны" айтылған. Комитет жалпы сомасы 444 434 теңге болатын билет сатып алған 20 адамнан шағым түскенін жеткізді.
"Bek Air" әуе компаниясының жұмысы өткен жылы желтоқсанның аяғында Алматы әуежайы маңында болған ұшақ апатынан кейін уақытша тоқтатылған.
27 желтоқсанда таңертең Bek Air әуе компаниясының Fokker-100 жолаушы ұшағы Алматы әуежайынан әуеге көтеріле бере апатқа ұшырап, сол маңдағы үйге соғылған. Ұшақта 93 жолаушы және экипаждың бес мүшесі болған. Апат салдарынан 12 адам қаза тауып, ондаған жолаушы ауруханаға түскен. Ұшақ соғылған үйдің жаңадан салынып жатқаны, апат кезінде үйдің ішінде адам болмағаны хабарланған. Қазір тергеу амалдары жалғасып жатыр.