Еліміз үшін 2017 жылдың басты оқиғасы «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің шымылдығы ашылғаныны да көп уақыт бола қойған жоқ. Дегенмен екі апта көлемінде көрмеге 205 мыңнан астам қонақ келіп үлгерді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" "Жас қазақ" басылымына сілтеме жасап.
Ашылу салтанатына көршілес жатқан Қытай, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, сондай-ақ өзге елдің 8 президенті қатысқаны белгілі. Сондай-ақ Елбасын осынау үлкен оқиғамен Үндістан мен Люксембург премьер-министрлері – Нарендра Моди мен Ксавье Беттель, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш, Испания королі Филипп VI, Пәкістанның үкімет басшысы Мухаммад Наваз Шариф, Сингапур парламентінің төрағасы Халима Якоб және БАӘ президент істері жөніндегі министрі Мансұр ибн Зайд әл-Нахайян құттықтады. Еліміздің және шетелдік БАҚ-тың екі мыңнан астам өкілі қатысты. Ашылу салтанаты туралы 2997 мақала жарық көрсе, оның 718-і шетелдік басылымда жарияланған. Көрменің ресми youtube каналында ЭКСПО-ның ашылуын 181 802 адам тамашалаған. Оны отандық және шетедік 385 БАҚ жүктеп аған. Ұлыбритания, Германия, Қытай, Польша, Чехия, Аустрия, Испания, Украина, Беларусия, Ресей елдері тікелей трансляция таратты. Көрменің алғашқы аптасында 205 561 адам келді. «Нұр-Әлем» көрмесіне кіргендердің өзі 86 500 адамды құрайды. Көрменің алғашқы күні 17 мың көрермен келсе, өткен аптада оның саны 34 мыңға жетті. Жалпы Орталық Азияда тұңғыш рет өткізіліп отырған халықаралық шараға әлем көз тігіп отыр. Бүгінде Астанадағы көрме жайында бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазып жатыр. Оның қатарында әлемнің үздік телеарнасы, ақпарат агенттігі, газеттері бар. Мәселен, Американың CNN, Forbes, Қытайдың CCTV, CGTN, Түркияның мемлекеттік телеарнасы (TRT), Ресей (mir24.tv, tass.ru, ria.ru, russian.news.cn), Украинаның бірнеше ақпарат агенттігі (fromua.news, v-odesse.net, newsmir.info, strana.ua, ukrinform.ru), Пәкістанның ағылшын тілінде ақпарат тарататын агенттігі (dailymailnews.com), Түркіменстан, Белоруссия, Армения, Қырғызстан, Өзбекстан және өзге де елдің телеарна, газет, сайттары бар. Әр ел өз павильоны туралы мәлімет келтірсе, кей баспасөз аз уақытта бой көтерген көркем нысандарды тілге тиек етуде. Кейбірін назарыңызға ұсынып отырмыз.
Америка, Forbes: Қазақстан әлемдік аренаға тағы бір қадам жасады
Америкалық танымал Forbes журналы елімізде өтіп жатқан халықаралық көрме туралы бірқатар мақала басты. Біріншісі «Астанада өтіп жатқан көрмеге барудың 5 себебі» деп аталады. Автор жазғандай, қазақтың ұлттық салт-дәстүрінен бөлек, әлемнің жасыл технология саласында жеткен жетістігімен танысуға болатындығы айтылған. Сондай-ақ «Астана көрмені өткізіп отырған таңғажайып қаланың бірі» деп баға берілген. Азғантай ғана уақытта, футурустік стилде жаңа қала бой көтерді. Автор қала тұрғындарының қонақжайлылығын ерекше атап өткен. Осы журналда жарияланған тағы бір материал – «EXPO 2017 Қазақстанның әлемдік аренаға жасаған тағы бір қадамы» – деп аталады. Журналист өз еңбегінде еліміз ЭКСПО-ны өткізу арқылы баламалы қуат өндіруде жаңа деңгейге көтеріледі деген.
Англия, Daily Mail: Астана көрмені өткізуге дайын
Англияда шығатын бұл басылым еліміздің «Астана «ЭКСПО 2017» халықаралық көрмесіне өте жақсы дайындалғанымызды атап өткен. Жүзден астам ел қатысатын бұл шараға аудармашылар да сақадай сай дайын тұр. Басылым Қытай елінің көрмеге қатысуға бірінші болып келісім бергенін келтірген. Сондай-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытай павильонына екі рет барғаны айтылған.
Америка, CNN: Пост-кеңестік қаладан ғажайып Астанаға дейін
Америкалық CNN International Елордамызға «болашақтың ғажайыбы» деп баға берді. Сондай-ақ Астананың көркем ғимараттарымен қоса әр нысанның анықтамасын да көрсетіп өткен екен. Болашақтың қаласы – ғарыштан қарағанда , Жер ғаламшарының кереметі іспетті көрінуі ғажап емес. Жергілікті халық өз атауымен атайтын нысандар да баршылық. Соңғы жылдары Қазақстан астанасы футуристік архитектураның да көркем үлгісін жасау үстінде
Қытай-Ресей: russian.china.org.cn:
Қытайлық кәсіпорындарға мүмкіндік ашылды
Астанада өтіп жатқан «ЭКСПО-2017» қытайлық үздік кәсіпорындарын таныстыруға мүмкіндік береді. Қытайда баламалы қуат көзін дамыту Батыс елдеріне қарағанда кештеу қолға алынғанымен, соңғы уақыттары энергетикалық технология саласында Еуропа мен Америкаға жетіп қалды. Қытайдың күннен қуат алатын батареялары әлемдік нарықта өз орнын ойып тұрып алды. Осы орайда «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі жасыл энергияны бірлесе дамытуға жасалған платформа.
- Қытай, CGTN:
Астанадағы ЭКСПО көрмесі көптің назарын аударып жатыр. Әсіресе болашақ тәуелсіз энергетиканы жасыл технологиямен байланыстырған елдерді. Қақ ортадағы «Нұр әлем» атты нысан «Болашақ энергияның музейі» ретінде таныстырылды. Біз көрмеде көрсетілетін дүниелерді жариялауды тоқтатпаймыз. Атап айтсақ, қуаттың түрлері: гидроэнергия, жел және биомасса және кинетикалық қуат.
- Түркия, TRT Haber: «Түркияның тәжірибесі біз үшін маңызды»
Көрме ашылған күні Түркия павильонының да салтанатты ашылу рәсімі өтті. Павильоның ашылуына Астанадағы ЭКСПО Түркия комиссары Тарык Сөнмез, еліміздің инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбек, Түркияның Астанадағы елшісі Невзат Уянык қатысты.
Қазақстаннның инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбек «Қазақстан-Түркия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастарын қайта пысықтайтын боламыз. Түркия Қазақстанның маңызды стратегиялық серіктесі саналады. 2016 жылы екі ел арасындағы сауда көлемі 1,5 млрд долларды құрады». 800 мың түрік компаниясы Қазақстанда белсенді қызмет етіп жатыр. Олар денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы салаларында өте белсенді.
Екі ел арасындағы байланыстың маңыздылығын түсіндірген министр «түрік азаматтарының жұміс істеуге де турист ретінде келуі де көңіл қуантарлық жағдай», – деді. Мақала авторы сөз соңында көрменің ашылуына жоғары баға беріп, ерекше әсер қалдырғанын айтқан.
- Беларусь, belta.by:
ЭКСПО көрмесі – Қазақстандағы соңғы жылдарда ұйымдастырылған ең ауқымды шараның бірі. Көптен күткен ұлы тойдың ұйымдастыру деңгейі өте жоғары. Мұндай іс-шараны тамашалайтын қонақтың саны Олимпиада мен футболдан әлем чемпионатына келетін туристермен пара-пар. Көрменің ашылуына әлемнің барлық БАҚ өкілі келді. Жиырмаға жуық елдің президенті мен үкімет басшысы қатысты. Осыдан-ақ көрменің қаншалықты маңызды екені айтпаса да түсінікті.
- Украина, day.kyiv.ua:
Сергей Свистиль, сауда-өндірістік палатасының вице-президенті:
– Украинаға инвестиция тарту, сондай-ақ соңғы үлгідегі технологияны әкелу үшін «Астана EXPO-2017» халықаралық көрмесінің мүмкіндігін пайдаланамыз. Украинадан көрмеге 100-ден аса кәсіпорын қатысады. Біздің мақсатымыз – еліміздегі өндіріс деңгейін көтеру үшін көрме барысында өзге елдермен байланыс орнату. Инвестиция тарту үшін бизнес-форум ұйымдастыратын боламыз.
- Түркіменстан, turkmenistan.gov.tm:
Түркіменстанның президенті Гурбангулы Бердімұxамедов EXPO-2017 халықаралық көрмесіне қатысып, елімізді осындай жаһандық шараны өткізіп жатқанымызбен құттықтады. Ол өз сөзінде елдің мұндай халықаралық көрмеге қатысуы, өзге елдермен байланыс орнатуға үлкен мүмкіндік ашатынын атап өтті. Көрмеге «Болашақ энергиясы» тақырыбын таңдауы халықаралық қауымдастықтың назарын энерготұтыну, энергоқауіпсіздігін қамтамасыз ету, қуатты үнемдеу мәселесіне аударады. Президент бұл мәселенің шешілуі аймақтағы геополитикалық жағдайдың тұрақты болуын септесетініне тоқталды.
- Әзірбайжан, AzTV мемлекеттік телеарнасы:
Бұл телеарна EXPO көрмесіне айрықша мән берген. Елордаға жіберілген арнайы тілшісі бірқатар сюжет дайындаған. Оған сәйкес EXPO-2017 мамандандырылған көрмесінің әлемнің экономикалық дамыған жетекші елдерінен кейін Қазақстанда өтуі энергетика саласындағы ынтымақтастықтың ары қарай дамып, қатысушы елдерде жүзеге асырылған жаңа технологиялардың алмасуына мүмкіндік береді. Келесі EXPO-2025 халықаралық көрмені өткізуге Ресей, Франция және Жапониямен қатар Әзірбайжанның да үміткер екендігі баса айтылды.
Түйін: Осылайша көрмеге қатысып жатқан 100-ден астам елдің баспасөз құралының «Астана ЭКСПО-2017» туралы жазғанын мысал ретінде келтіре беруге болады. Себебі осы уақытқа дейін біздің назарымызға іліккен мақала, сюжеттің саны мыңнан асады. Сыннан гөрі салмақты, сараптама басым. «Болашақтың энергиясы» тақырыбы көпшіліктің көкейінде жүргені белгілі болды. Ең бастысы, еліміз сын сағатта жол тауып, бүкіл әлем алдында абыройлы, мәртебелі іс атқарды. Бұл – сан ғасырдан бері Ұлы даланы мекендеген қазақ елінің тарихқа тастай таңбаланып қалатын ұлы ісінің бірі болды.
Елдос Өмірзақұлы