02 нау, 2021 сағат 18:51

Еуроодақ пен АҚШ "Навальныйды қудалағаны үшін" Ресейге санкция салды

2 наурызда Еуроодақ оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың қудаланып, түрмеге қамалуына байланысты Ресейдің төрт лауазымды тұлғасына санкция салды. Осы күні АҚШ та Ресейге санкция салатынын мәлімдеген.

Еуроодақтың санкциясы туралы ақпарат ұйымның ресми журналында жарияланды. Мәтінде шектеуге іліккен шенеуніктердің аты-жөні аталмаған. Германияда шығатын Bild және Focus журналдарының мәліметі бойынша, тізімде тергеу комитетінің басшысы Александр Бастрыкин, Ресей гвардиясының басшысы Виктор Золотов, жазаны орындау федералдық қызметінің директоры Александр Калашников және Ресейдің бас прокуроры Игорь Краснов бар.

Олардың Еуроодақ елдеріне баруына тыйым салынады, ал одақ аумағында бар активі бұғатталады.

Телефонмен болған баспасөз брифингінде АҚШ президенті Джо Байден әкімшілігінің өкілі Ресей шенеуніктері мен компанияларына санкция салғанын мәлімдеді. Ресми Вашингтон Ресей Навальныйға у беру оқиғасына Ресей билігінің қатысы бар деп санайды.

Брифингте Ақ үй өкілі Байден әкімшілігі Мәскеумен қарым-қатынасын қайта түзуге я ушықтыруға тырыспайтынын, тек басқа әріптес елдермен бірлесіп "шектен асып кеткен жағдайда Ресейді жауапқа тартатынын" айтты. Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, АҚШ Ресейге жаңа санкция салуды жоспарлап отыр.

  • Кремльді өткір сынап жүрген "Жемқорлықпен күрес қорының" жетекшісі Алексей Навальный "новичок" уымен уланып, Германияда ұзақ емделген соң 17 қаңтарда Мәскеуге оралған жерінде қамауға алынған. Кейін жазаны өтеу қызметінің талабымен Мәскеу соты оның 2013 жылғы шартты жазасын түрме жазасына алмастырып, оппозиционер колонияға жіберілді.
  • Жазаны өтеу қызметі Навальный шартты жаза ережелерін бұзды деп санайды, оппозициялық саясаткер мұны жоққа шығарады. Еуропадағы адам құқықтары соты барлық деңгейдегі соттар істі қарағанша, Навальныйды босатуды талап еткен.