04 қар, 2020 сағат 10:54

АҚШ-тағы президент сайлауы: Дауыс саны есептеліп жатыр

АҚШ-та президент сайлауынан кейін дауыс санын есептеу жалғасып жатыр.

Президенттіктен республикашыл Дональд Трамп пен бұрынғы вице-президент, демократ Джо Байден үмітті.

Сайлаушылардың басым бөлігі яғни, 100 млн сайлаушы мерзімінен бұрын дауыс берген. 

АҚШ-та Нұр-Сұлтан уақыты бойынша, күндізгі сағат 12.00-де барлық сайлау учаскелері жабылған. Ең соңғы болып Аляска штаты дауыс берген. 

Associated Press агенттігінің болжамынша, (Нұр-Сұлтан уақыты бойынша күндізгі сағат 11:30-дағы ақпарат) Байден - 18 штатта (арасында Калифорния, Нью-Йорк, Колумбия округы бар - 223 электор дауыс берген), Трамп - 22 штатта (Айова, Огайо, Флорида т.б - 210 электор дауыс берген) жеңіске жеткен. 

"Сайлау тартысты өтіп жатқан" штаттарда жеңімпаз әзірге анықталмаған. Трамп Джорджия, Мичиган, Калифорнияда алда келеді, Байден Аризона, Мэйнде озған. Дауыс саны әлі есептеліп жатыр. Жағдай өзгеруі мүмкін. 

4 қарашаға қараған түні жақтастары алдында сөйлеген Джо Байден жеңіске жететініне сенім білдіріп, өзін қолдаған азаматтарды сәл сабыр сақтауға шақырған. Президент Дональд Трамп Twitter-де сайлауда алда келе жатқанын айтып, бірақ өзінің "жеңісін" ұрлауға тырысып жатыр деп шағымданған. Ол жақын арада мәлімдеме жасауға уәде берді.

Алайда Twitter Трамптың хабарламасына "даулы контент" белгісін қойып, оқырмандарға ескерту жариялады. "Бұл twit-хабарламада сайлау немесе өзге азаматтық шараға қатысу мәселесі бойынша оқырмандарды жаңылдыруы мүмкін даулы контент бар" деп жазылған ескертуде. 

Сайлауда жеңіске жету үшін кандидатқа электорлар алқасының 270 дауысы керек.

Көптеген бюллетень пошта арқылы жөнелтілгендіктен кейбір штаттарда дауыс санау бірнеше күнге созылуы мүмкін.

Бұл жолғы сайлауда сайлаушылар белсенділігі соңғы 100 жыл ішінде болмаған деңгейге жетейін деп тұр.

Америка сайлаушылары осы сайлау аясында өкілдер палатасындағы 435 орын мен сенаттағы 100 орынның 35-ін кім иеленетінін де анықтайды, 11 губернатор мен жергілікті билік тармақтарындағы түрлі қызмет иелерінен үмітті кандидаттарға дауыс береді.