13 шілде Ұлттық аза тұту күні деп жарияланады. Бұл туралы республикалық телеарналар арқылы елімізде қалыптасқан ахуалға байланысты үндеу жасаған ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"Қабылданған шаралар мен медицина қызметкерлерінің ерлігінің арқасында емделіп шығып жатқан азаматтардың саны едәуір көбейді.
Көптеген елдердегі жағдай бізден де қиын.
Дегенмен «Әр қазақ – менің жалғызым» дегендей, Әр азаматымыздың қазасы менің жүрегіме қатты батады. Мынау алапат індет арамыздан талай асылдарымызды жұлып әкетуде.
Бүгінде қара жамылып отырған азаматтардың қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Сол үшін 13 шілдені – Ұлттық аза тұту күні деп жариялаймын.
Бірақ біздің күресіміз жалғаса береді.
Бұл індетті адамзат жуық арада жеңе қоймас. Алайда уайым мен қайғыға батып, түрлі қауесеттерге сеніп, еңсемізді түсіруге тағы да болмайды.
Салмақты, сабырлы болайық!
Біздің жұмысымыз – айқын, қоғам алдында ешнәрсені жасырмай, ашық айтамыз. Болашақта да солай болады. Бүкіл күш жігерімізді жинап, індетпен күресе беруіміз керек", деді Мемлекет басшысы.