30 сәу, 2021 сағат 12:43

Жыл сайын жасанды ұрықтандыруға 7 мың квота бөлінеді


Экстракорпоралды ұрықтандыруға жыл сайын 7 мың квота бөлінеді. Бұл туралы халық алдында есеп беру кездесуінде ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Біз үшін ең басым бағыттардың бірі ана мен баланы қорғау болып қала береді. Статистикалық деректер бойынша 2021 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша елімізде бала туатын жастағы 4 млн 645 мың әйел өмір сүріп жатыр, бұл 2019 жылдың ұқсас кезеңінің көрсеткіштерінен 26 мыңға артық. Жүкті әйелдердің саны 436 мыңға жуық болды, олардың саны 2020 жылы 2019 жылмен салыстырғанда 21 мыңға артты. Сонымен қатар, 2020 жылы босану саны өткен жылмен салыстырғанда 22 мыңға артты», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде. 

Оның айтуынша, өткен жылы тірі туған балалар саны 427 мыңнан астам адамды құрады, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 24 мыңға артық. 

«Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмаларын іске асыру аясында біз экстракорпоралдық ұрықтандыруға квоталар санын 2020 жылғы 1 105-тен 2021 жылы 7 мыңға дейін ұлғайттық. Жыл сайын халыққа 7 мың квота берілетінін айта кету керек. Республиканың 8 қаласында қазіргі уақытта қосалқы репродуктивтік технологиялар қызметін орындайтын 27 клиника жұмыс істейді, олардың 19-ы МӘМС аясында қызмет көрсетеді», - деді А. Цой.