10 жел, 2020 сағат 08:15

Жыл басынан бері көпбалалы аналар 214,2 млрд теңге көлемінде жәрдемақы алды

2020 жылғы қаңтар-қараша аралығында жалпы сомасы 214,2 млрд теңгеге 389,2 мың отбасы көпбалалы жанұяларға арналған мемлекеттік жәрдемақымен қамтылды. Қараша айында осы жәрдемақы түрін жалпы сомасы 22,5 млрд теңгеге 413,4 мың отбасы алды, деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.

Аталған мемлекеттік жәрдемақыға 4 және одан көп бірге тұратын кәмелетке толмаған немесе күндізгі бөлімде оқитын 23 жасқа дейінгі студент балалары бар отбасылар табысына қарамастан үміткер бола алады. Төлем мөлшері балалардың санына байланысты 44 532 теңгеден (4 бала) 77 951 теңгеге (7 бала) дейін, 8 және одан кейінгі әр балаға 4 АЕК-тен сараланған.

8 баласы бар отбасы үшін жәрдемақы 88 896 теңгені құрайды, 9 балаға – 100 008 теңге, 10 – 111 120 теңге, 11 - 122 232 теңге, 12 – 133 344 теңге, 13 – 144 456 теңге, 14 – 155 568 теңге, 15 - 166 680 теңге, 16 – 177 792 теңге төленеді.

Еске сала кетейік, Қазақстандағы көпбалалы отбасыларға олардың кірістерін есепке алмай берілетін жаңа мемлекеттік жәрдемақы 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тетіктерінде қарастырылған табысы аз және көпбалалы отбасыларды қолдаудың үш негізгі бағыты аясында енгізілді.

2020 жылғы 13 мамырда Мемлекет басшысы 8 және одан да көп баласы бар отбасылар үшін жекелеген мөлшерлерді белгілеу арқылы осы жәрдемақыны кеңейтуді қамтамасыз ететін заңға қол қойды. Заң 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енді, осыған байланысты көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы мөлшері оны тағайындаған сәттен бастап қайта есептелді. Мәселен, ағымдағы жылдың шілде айында аталған отбасылар жаңа мөлшерде жәрдемақы, сондай-ақ қаңтар-маусым айларында қалыптасқан айырманы алды.