2021 жылдың басынан бері 5,6 мыңнан астам этникалық қазақ қандас мәртебесін алды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 1 мамырға дейін 5 685 адам тарихи отанына оралып, қандас мәртебесін алған.
Жалпы 1991 жылдан бастап республикаға 1 млн 76,1 мың этникалық қазақ оралды.
Осы жылдың басынан бастап Қазақстанға келген қандастардың жартысынан астамы (76,9%) Өзбекстаннан, 10,7%-ы ҚХР-дан, 5,4%-ы Түрікменстаннан, 2,9%-ы Моңғолиядан және 4%-ы басқа елдерден келген.
Келген этникалық қазақтар негізінен Алматы (31%), Түркістан (15,8%), Маңғыстау (15,9%) және Жамбыл (7,8%) облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласында (11,4%) қоныстанды.
1 мамырдағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылардың үлесі - 57,2%, еңбекке қабілетті жастан кіші адамдар - 24,6% және зейнеткерлер - 18,2%.
Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінде білім деңгейі бойынша 11,1%-ының жоғары, 39,8%-ының арнайы орта, 45%-ының жалпы орта білімі бар және 4,1%-ының білімі жоқ.