Фото: elements.envato.com
Журналистерге жасалған арандатушылық шабуылдардың үйлестірушісі ұсталды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz порталына сілтеме жасап.
ІІМ және ҰҚК ведомствоаралық жедел-тергеу тобы БАҚ өкілдеріне шабуыл ұйымдастырған күдікті топтың жолын кесті.
"Ұсталған топқа ҚР Қылмыстық кодексінің 115-бабы "Қорқыту", 147-бабы "Жеке өмірге қол сұғу", 158-бабы "Журналистік қызметке кедергі келтіру", 202-бабы "Біреудің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру" және 293-бабы "Бұзақылық" бойынша айып тағылып отыр.
Арандатушылық шабуылдардың тікелей үйлестірушісі - шетелдік азамат, білікті хакер О.Токарев Алматыда ұсталды", - делінген хабарламада.
Оның уақытша тұрып жатқан жерінен шабуылдарды басқару, анонимді Telegram-аккаунттарда "тапсырыстар" беру, орындаушыларды табу және олардың акцияларына ақы төлеу жүргізілген техника табылып, тәркіленген.
Аталған топ В.Борейкоға, Г.Бажкеноваға, Г.Ерғалиеваға, С.Ибраеваға және бұқаралық ақпарат құралдарының басқа да өкілдеріне қарсы 30-дан астам арандатушылық шабуыл жасаған.
Бұл – автокөлікті өртеу, журналистерге, олардың туыстары мен редакцияларға қоқан-лоққы көрсету мен шабуылдар жасау, DDoss шабуылдар.
"Қылмыстық топ шабуылдарының басты мақсаты – журналистерді қудалауды имитациялау арқылы ҚР Президентін және ол жүргізіп отырған демократиялық реформаларды дискредитациялау.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу мүддесіне сәйкес басқа мәліметтер жария етілмейді" - делінген хабарламада.