17 нау, 2023 сағат 13:28

Журналистерге шабуыл: адам құқықтары жөніндегі омбудсмен полиция әрекетін бағалады

Видеодан алынған кадр: Instagram.com/vadim.boreiko

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев Қазақстанда журналистерге жасалған шабуылға қатысты құқық қорғау органдарының жұмысына баға берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

"Жүргізіліп жатқан жұмыс пен әділетті Қазақстанды құру аясында журналистерді қорғау ерекше маңызға ие және маңызды мәселе сналады. Мен жоғарғы комиссарға қазіргі уақытта журналистердің, блогерлердің және басқалардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету қажеттігіне қатысты мәселелер туындаған кейбір істер бойынша қылмыстық тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын хабарладым", - деді Ластаев БҰҰ адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссарымен кездесу барысында журналистер сұрағына жауап беріп.

Ластаев Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық бұл тергеулерді құптайтынын атап өтті.

"Соңғы кездегі қылмыстық істерге келсек, құқық қорғау органдары кәсіпқойлық танытты. Олар бұл қылмыстарды жасады дегендерді ғана емес, оны ұйымдастырғандарды да тапсырыс берушіге дейін таба алды. Тергеу жан-жақты, объектив, бейтарап жүргізіліп, барлық кінәлі тиісті жазасын алады деп сенеміз", - деді Ластаев.

Оның айтуынша, Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссар Президент жариялаған конституциялық реформаларды құптаған.

"Әділ Қазақстанды құру тұрғысынан және осы тұрғыда ол журналистерге қарсы жасалған заңсыз әрекеттердің жолын кесуді құптады. Ол да қазір ішкі істер органдарында қаралып жатқан қылмыстық істердің әділ әрі бейтарап тергелуі қамтамасыз етіледі деп үміттенеді", - деді Ластаев.