Жыл басынан бері жұмысынан айырылып, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлем алғандардың саны 92,4 мыңа жетті. Бұл ретте 10 747 азаматқа төлем қараша айында тағайындалған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жұмыстан босатылған қызметкерлер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және соңғы 24 айдағы табысына байланысты 1 айдан 6 айға дейін әлеуметтік төлем алады.
Жәрдемақы жоғалған кірістің 40%-ына дейінгі мөлшерде МӘСҚ қаражаты есебінен төленеді.
Төлем тағайындау үшін жұмыстан босатылған қызметкерге:
- Egov.kz порталында авторизациялану;
- «Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту» бөлімінде «Жұмыс іздеуші адамдарды тіркеу» қызметін таңдау;
- Онлайн-қызметке тапсырыс беріп, барлық жолдарды толтыру және оған ЭЦҚ-мен қол қойып, өтінімді жіберу қажет;
- Бір күн ішінде тұрғылықты жеріңіздегі халықты жұмыспен қамту орталығы бос жұмыс орындарын ұсынады;
- Егер жұмыс табылмаса, 3 жұмыс күні ішінде қашықтықтан жұмыссыз мәртебесі берілетін болады (қажет болған жағдайда қосымша ақпарат жинау үшін сізге ХЖҚО қызметкері хабарласады);
Жұмыссыз ретінде тіркелу туралы мәліметтер болған кезде Еңбекминінің ақпарат жүйесі проактивті форматта МӘСҚ-тан төлемді тағайындау бойынша қызмет көрсетуге келісу үшін мобильді телефонға SMS-хабарлама жібереді.
Келіскен жағдайда SMS-хабарламаға жауап беру қажет. Төлем автоматты түрде тағайындалады.
Естеріңізге сала кетейік, МӘСҚ қаражаты есебінен жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем жұмыстан шығу себептеріне қарамастан жүзеге асырылады және жұмыссыз адам жұмыс іздеген кезеңде оны қолдауға арналған.
Бұдан бұрын айтылғандай, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ағымдағы жылдың 17 қарашасынан бастап республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарының тұрғындары үшін тестілік режимде электронды еңбек биржасы арқылы халықты жұмыспен қамту орталықтарының қашықтықтан қызмет көрсету функционалын іске қосты.
Пилоттық жоба жұмыссыздарды тіркеу рәсімін жеңілдету және жұмыспен қамтуды қолдау бойынша мемлекеттік қызметтерді, оның ішінде жұмысынан айрылу бойынша әлеуметтік төлемдерді алуды жеңілдету үшін іске қосылды.
Енді барлығын тек интернет, компьютер және электрондық цифрлық қолтаңба арқылы ғана жасауға болады.