28 мау, 2022 сағат 16:30

«Жұмыс жоқ» деп қол қусырып, қарап отыруға болмайды – Тоғжанов


Премьер-министр орынбасары Ералы Тоғжанов «Әлеуметтік желіде Маңғыстау өңірінде жұмыс мәселесі күрделі, күнде айқай толастар емес. Жұмысыздар саны көп. Маңғыстауда 5 мың жұмыс көзі ашылады деп айтылғанына қарамастан бірде бір жұмыс орны ашылған жоқ деп жазылуда. Осы туралы не айтасыз» деген журналистің сауалына Үкімет кулуарында жауап берді, деп хабарлайды Baq.kz агенттігі.

"Біріншіден, Маңғыстау облысын әлеуметтік-экономикалық дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар әзірленіп, іске асырылуда. Кешенді жоспарға сәйкес өңірде Жалпы 55 мың жұмыс орындарын ашу көзделген, оның ішінде биылдың өзінде 15 мыңға жуық жұмыс орындарын ашу жоспарланған", - деді Ералы Тоғжанов.

Бұл жоспардың әрбір тармағын іске асыру бойынша жауапты нақты мемлекеттік органдар анықталған. Кешенді жоспардың орындалуы Үкіметтің бақылауында.

"Статистикалық деректерге сәйкес 2022 жылдың 1-ші тоқсанында Маңғыстау облысында 17,3 мың жұмыссыз адам тіркелген. (жұмыссыздық деңгейі – 4,9%). Екіншіден, жалпы жыл басынан бері Маңғыстау облысында 11,5 мыңнан аса жұмысқа орналастырылды (оның 6,7 мыңы тұрақты жұмыстар). Оның ішінде 4,3 мың жұмыс орны Жаңаөзен қаласында (оның 2,7 мыңы тұрақты жұмыс орындары). Яғни жоспар орындалуда. Бұл жүргізіп жатқан жұмыстардың нақты нәтижесі", - деді ол.

 Жұмыспен қамту орталықтары арқылы – 9,7 мың жұмыс орны. Қазмұнайгаз АҚ құрылымдарында – 561 жұмыс орны. Сервистік компанияларда – 321 жұмыс орны. Басқа да жұмыс көздерінде – 646 жұмыс орны.

"Үшіншіден, Маңғыстау облысындағы әлеуметтік-еңбек ахуалы Үкіметтің күнделікті, тұрақты бақылауында. Облыста өңір басшысының жетекшілігімен арнайы штаб тұрақты түрде жұмыс істеп жатыр. Төртіншіден, тек мұнай саласында ғана жұмыс істеуім қажет деген талап қою орынсыз. Жұмыссыз тұрғындардың барлығын мұнай саласына орналастыру мүмкін емес. Жалпы «жұмыс жоқ» деп, қол қусырып, қарап отыруға болмайды. Әрекет жасаған адамдарға жұмыс әрқашан табылады", - деді Тоғжанов.

Қарындасымыз Динара Наумова мүмкіндігі шектеулі болуына қарамастан өз ісін ашып, өзін жұмыспен қамтып қана қоймай, 70-тен аса адамға жұмыс беріп отыр.

"Халқымызда «Әрекет түбі берекет» деген нақыл сөз бар. Тумысынан екі қолы жоқ Анар Бексұлтанованың ерік-жігері жастарымызға үлгі болуы тиіс. Ол аяғымен іс тігуді үйреніп, өз кәсібін ашқан. Сарыағаштық таксист, тағдырдың жазмышымен екі аяғынан айрылған Нұржан бауырымыздың әлеуметтік желілерде тараған видеосын бәріңіз көрдіңіздер. Ол «жұмыс жоқ дегенге сенбеймін» дейді. Сондықтан жұмыс іздеген адам нарықтың сұранысына сәйкес біліктілігін көтеріп, кәсіпкерлікті қолдау бағдарламаларының мүмкіндігін пайдаланып, еңбек ету қажет деп ойлаймын. Бесіншіден, жұмыс орындары туралы мәселені көтергенде тек Маңғыстау облысын ғана айтуға болмайды. Бұдан да күрделі мәселелер басқа өңірлерде де бар. Атырау облысында ТШО компаниясының «Болашақ кеңейту» жобасының аяқталуына байланысты жыл соңына дейін 37 мың қазақстандық босатылады деп күтілуде (2 мың шетелдік). Қазірдің өзінде 6 мыңнан аса адам босатылды. Оның 1,5 мыңы жұмысқа орналастырылды. Босаған қызметкерлерді басқа жобаларға тарту, қайта даярлау бойынша нақты жұмыстар жүргізілуде", - деді ол.