29 қаз, 2019 сағат 12:27

Жосалы көлі мен Медеу қоқыс тастайтын орынға айналып барады - Президент

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласының және шаһар маңындағы демалыс және туризм орындарының санитарлық жағдайына назар аударды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг пен азаматтардың өтініштерін талдау кезінде қаланың демалыс және туризм аймақтарының санитарлық жағдайы мәз емес екені анықталды...Үлкен Алматы көлі (Жосалы көлі), Медеу және басқа да демалыс орындарына қоқыс тастау әдеттегі жағдайға айналды. Тек ағымдағы жылдың өзінде әкімдік 86 қауіпті қоқыс алаңын анықтады, оның 55-і әлі жойылған жоқ», - деді Мемлекет басшысы Алматы қаласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте.

Президент сондай-ақ аталған жағдайларға байланысты әкімдікке тапсырма берді.

«Әкімдікке Экология және геология, табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп, туристік нысандардың ластануын болдырмауға және қоқыс орындарын жоюға арналған шаралар қабылдауды тапсырамын. Қалдықтарды қайта өңдеуді ұйымдастыру керек, бүгінде Алматыда бұл тек 11%-ды құрайды. Қалада қоқысты қайта өңдейтін заманауи кәсіпорындар жоқ», - деді Қазақстан Президенті.